Қазақстаннан Сингапурға әуе рейсі ашылады
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі әуе қатынасының географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын арттыру жөніндегі жұмысты тұрақты негізде жүргізіп келеді.
Ағымдағы жылдың 20 қазанынан бастап «SCAT» әуе компаниясы Шымкент – Сингапур бағыты бойынша жаңа рейсті іске қосады. Рейстер аптасына екі рет орындалатын болады.
Аталған рейстің ерекшелігі – қазақстандық әуе компаниясының Қытай аумағы арқылы транзитпен ұша отырып, «әуе еркіндігінің бесінші дәрежесі» құқығын пайдалануы. Яғни жолаушылар Қытайдың Санья қаласына дейін ұшып, одан әрі Сингапурға сапарын жалғастыра алады.
Осылайша, әуе компаниясы жолаушыларды тек Қазақстан мен Сингапур арасында ғана емес, сонымен қатар Қытай мен Сингапур арасында да тасымалдауға мүмкіндік алады.
Қазақстан мен Сингапур арасындағы әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы туризм, инвестициялық және іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.