Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
454.46 527.72 5.25

Ерсайын Нағаспаев: білім беру тапсырысын кәсіпорындардың нақты сұранысына қарай қалыптастыру қажет

Бүгін, 11:18 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлаудағы жаңа тәсілдер қаралды. Отырыс барысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндама жасады.

Министрдің мәлімдеуінше, жаңа өндірістердің іске қосылуы, кәсіпорындардың технологиялық жаңаруы және құрылыс көлемінің өсуі жұмысшы кадрларына жаңа, әрі сапалы сұранысты қалыптастырып келеді.

Осыған орай Министрлік Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы, сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлау, олардың біліктілігін арттыру бағытында нақты жұмыс жүргізіп жатыр.

«Бүгінгі таңда Министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша 36,7 мың кадр қажет. Оның ішінде ең жоғары қажет ететін мамандықтар құрылыс саласында – 16,2 мың адам, өңдеу өнеркәсібінде – 14,4 мың адам. Сонымен қатар еңбек нарығындағы сұраныстың құрылымы да өзгеріп келеді. Цифрландыру, автоматтандыру және роботтандыру жаңа дағдыларды қажет етеді», — деп атап өтті спикер.

Осы орайда Министрлікке қатысты салалар бойынша Жаңа мамандықтар атласында 75 жаңа мамандық айқындалған. Оның ішінде 47 мамандық – тау-кен металлургияда, 11-і – машина жасауда және 17 мамандық – құрылыс саласында.

Сондай-ақ жаңа технологиялық өзгерістер әсерінен тағы 41 мамандықтың мазмұны өзгеруде.

«Жұмыспен қамту және бос жұмыс орындарына жүргізген талдау бойынша, кадрларға ең жоғары сұраныс құрылыс, машина жасау және тау-кен металлургия салаларында анықталды. Алайда дәл осы салаларда бос жұмыс орындарының саны да көп. Бұл жағдай мәселенің тек жалпы кадр тапшылығында емес екенін, көрсетіп отыр», — деп түсіндірді министр. 

Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, мұндағы негізгі мәселе – кадрлардың білімі мен дағдысының, жұмыс берушілер талаптарына толық сәйкес келмеуі. Сондықтан білім беру тапсырысын ең алдымен кәсіпорындардың нақты сұранысына қарай қалыптастыру қажет.

Бұл жерде Ұлттық біліктілік жүйесі маңызды рөл атқаратыны баса айтылды. Осы мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында Министрлік 2029 жылға дейін біліктілік жүйесін дамытудың салалық жоспарын әзірледі.

«Негізгі мақсат – экономика қажеттілігін, жұмыс берушілердің талаптарын, кадр даярлауды және біліктілікті растауды бір жүйеге біріктіру. Бұл жұмыста кәсіптік стандарттарға ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылы Министрлік 34 кәсіптік стандарт әзірледі. Биыл тағы 158 кәсіптік стандартты әзірлеп, жаңарту жоспарланып отыр. Бұлар 922 мамандықты қамтиды. Аталған стандарттарды әзірлеуге жұмыс берушілер мен салалық қауымдастықтар тікелей қатысып келеді», — деп атап өтті спикер. 

Осылайша, біліктілік жүйесін дамытудың біртұтас жүйесі қалыптасады. Бұл үдерістер жаңа өндіріс орындарын іске қосу кезінде қамтамасыз ету аса маңызды.

Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың нәтижесінде 17,3 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. 

Бүгінде 84 жоба іске қосылып, 5,8 мың жұмыс орны ашылды. Осы орайда автоматтандыру, цифрлық жобалау, роботтандыру, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік бағыттарындағы мамандарға сұраныс артып келеді.

«Инвестициялық жобаны жоспарлау кезеңінен бастап, мамандарды даярлау мәселесін қарастыру Салалық жоспар шеңберінде пысықталды. Даярлықтың негізгі құралдарының бірі – дуальды білім беру. Бүгінде өнеркәсіптік бағыттар бойынша 19 мыңға жуық студент дуальды білім алуда. Олардың практикалық даярлығын 816 кәсіпорын қамтамасыз етеді. Машина жасау саласында – 9,3 мың студент, жеңіл өнеркәсіпте – 5,3 мың, металлургияда 1,3 мың студент білім алуда», — деп толықтырды сөзін Ерсайын Нағаспаев. 

Сонымен қатар елімізде ерте жастан кәсіптік бағдар беруге және жұмысшы мен инженерлік мамандықтарға жастардың қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Спикердің айтуы бойынша, биыл Министрлік геология саласын кеңінен танытуға және жастардың осы салаға тарту үшін бірқатар іс-шара өткізген.

Атап айтқанда, Астана қаласында VIII Халықаралық жас геологтер олимпиадасы өткізілді. Оған Қазақстаннан және шетелден оқушылар қатысты.

Өскемен қаласында ІІІ «Сәтбаев» қазақстандық геологиялық универсиадасы өтті. 

«Сонымен қатар биыл қазақстандық жас геологтер Турин қаласында өткен Жер туралы ғылымдар бойынша IX Халықаралық олимпиадаға қатысты. Мұндай іс-шаралар мамандықтарды насихаттауға, талантты жастарды анықтауға және саланың болашақ кадрлық резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Министрлік алдағы уақытта да жұмысшы мамандықтар жылының бастамаларын дамыта отырып, өзі жетекшілік ететін салаларды қажетті және білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарының өзара қатынасын күшейту бойынша жұмысты жалғастырады», — деп түйіндеді сөзін өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив