Құрылтай депутаттары «Қытай – Орталық Азия» саяси партияларының диалогына қатысты
Құрылтай депутаттары Айдос Сарым мен Қайрат Айтуғанов «Қытай мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды нығайтудағы саяси партиялардың рөлі» тақырыбына арналған «Қытай – Орталық Азия» саяси партиялары диалогының тақырыптық конференциясына қатысты.
Іс-шараға Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдерінің делегациялары қатысты. Олар партияаралық өзара іс-әрекет пен өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Конференцияда Айдос Сарым Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия – Қытай» форматын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған ұзақ мерзімді стратегиясын әзірлеу туралы бастама көтергенін атап өтті.
– Мұндай құжат ынтымақтастығымызға жүйелі әрі жоспарлы сипат беруге, ортақ басымдықтарды айқындауға және қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың нақты тетіктерін белгілеуге бағытталған. Стратегия саяси сенімді дәйекті түрде нақты нәтижелерге айналдыруға жол ашып, бірлескен жұмыстың сабақтастығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ елдеріміздің мемлекеттік органдары, парламенттері, саяси партиялары мен іскер топтары үшін негізгі бағдар болады деп сенеміз, – деді депутат.
Ол Қазақстан Құрылтайының депутаттары «Орталық Азия – Қытай» форматын сенім, тең құқық және өзара тиімділік қағидаттары негізінде одан әрі дамытуды қолдайтынын жеткізді. Көлік-логистикалық байланыс, өнеркәсіптік кооперация, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, энергетика, ауыл шаруашылығы, білім беру және мәдени-гуманитарлық қатынастар басым бағыттар қатарында аталды.
Қазақстандағы саяси жаңғыру туралы айта келе, депутат конференция қатысушыларына жаңа Конституцияның негізгі басымдықтары жөнінде айтып, жаңа бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтайдың қызметі туралы баяндады. Ол Құрылтай депутаттарының халықаралық партияаралық диалогқа қатысуы Қазақстанның ашықтығын және серіктестермен тәжірибе алмасуға дайын екенін көрсететінін тілге тиек етті.
Сонымен қатар депутат партияаралық диалогқа тұрақты сипат беріп, оны «Орталық Азия – Қытай» саммиттерінің күн тәртібімен үйлестіруді ұсынды. Депутаттардың, сарапшылар мен жастар ұйымдарының арасындағы байланыстарды кеңейту де маңызды бағыттар екеніне мән берілді.
Қорыта келе, Айдос Сарым Орталық Азия елдері мен Қытайдың саяси партиялары өзара түсіністікті, сенімді және стратегиялық серіктестікті нығайтуға елеулі үлес қоса алатынын атап өтті.