Ұлттық ұланға күзгі шақыру науқаны басталды
Осы күзде 7 мыңнан астам жас қазақстандық құқықтық тәртіп әскері қатарын толықтырады. Күзгі әскерге шақыру науқаны 9 қыркүйек пен 15 қазан аралығында ұйымдастырылады.
Ұлттық ұланда мерзімді қызмет атқарған сарбаздар әскери дайындықтан өтіп, қызмет ерекшелігіне сай мамандықтарды меңгереді. Сонымен қатар “Сарбаз 2.0” бағдарламасы аясында өзін жақсы қырынан көрсеткен үздіктерге тегін жоғары білім алуға мүмкіндік беріледі. Бүгінде 70-тен астам жоғары оқу орны оларды қабылдау туралы меморандумға қол қойды. Сондықтан жыл сайын 1 400-ден астам сарбазға білім гранты тағайындалады.
Әскери қызмет барысында мамандық меңгерген жастардың алдында тағы бір мүмкіндік бар. Ұлттық ұландағы қызметін кәсіби жол ретінде таңдаған сарбаздар мерзімді әскери қызметтен кейін келісімшарт бойынша қызметін жалғастыра алады.
Ал күзгі әскерге шақыру науқанының алғашқы легі Астана қаласы әкімдігінің жиын пунктінен басталды. Мұнда әскери міндетін өтеуге шақырылған 35 жас азаматты шығарып салу рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Бүгін олар Алматы қаласында орналасқан 5571 әскери бөліміне жеткізілді. Сондай-ақ Абай облысынан 20 азамат елордадағы 5573 бригадасына әскери қызмет өткеруге келді.
Алдағы апталарда өңірлердегі шақыру науқаны жалғасып, Ұлттық ұланның әскери бөлімдері жаңа сарбаздармен толығады. Әскери ант қабылдап, қажетті даярлықтан өткеннен кейін жас сарбаздар жауынгерлік қызметке кіріседі.
Қызмет барысында әскери қызметшілер маңызды мемлекеттік объектілер мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзетуге, сондай-ақ ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысады.
Күнделікті кезекшілік кезінде әскери қызметшілер тұрғындарға түрлі жағдайларда көмек көрсетеді. Мәселен, ата-анасынан адасып қалған балаларды тауып, жақындарына табыстаған немесе тұрғындардың жоғалған бағалы заттарын қайтаруға көмектескен жағдайлар да кездеседі.
Күн сайын еліміздің 21 қаласында 7 мыңнан астам әскери қызметші қоғамдық тәртіпті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметіне жұмылдырылған. Биылғы 6 айда ұландық әскери қызметшілер қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша 1,3 мыңнан астам тапсырма орындаған. Патрульдік-бекеттік қызметті атқару барысында 6 мыңнан астам құқық бұзушы ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Оның ішінде 151 адам қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған.