Жаңа мүмкіндіктер: Абай облысында мерзімді әскери қызметтің қалай өзгергені айтылды
Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Желтоқсан айының соңына дейін Қарулы күштерге, Ұлттық ұланға, ҰҚК Шекара қызметіне және басқа да әскери құрылымдарға 22 978 жас азаматты жіберу жоспарланып отыр. Абай облысында осы кезеңде мерзімді әскери қызметке шамамен 1500 азаматты шақыру көзделген.
Әскерге шақыру науқанының барысы, әскерге шығарып салудың жаңа форматтары, білім алу мүмкіндіктері және әскери қызметті ұйымдастырудағы өзгерістер туралы Абай облысының ӨКҚ алаңында өткен брифингте Абай облысының жұмылдыру даярлығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбеков пен Абай облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Руслан Омаров айтып берді.
Ақылжан Ақылбековтің айтуынша, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру өңірде заңнамаға сәйкес тұрақты негізде жүргізіледі. 2026 жылдың көктемгі шақыру науқаны кезінде облыстан 600-ден астам жас әскери бөлімдерге аттанған.
Әскерге шақыру науқанының маңызды кезеңдерінің бірі – әскерге шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салу. «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» жобасы аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер алаңында облыстың 60 жас тұрғынын мерзімді әскери қызметке шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шараның ерекшелігі – республикада алғаш рет дәл Абай облысында ұйымдастырылған «Сарбаз жолы» жаңа форматы. Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери дәстүрлерді жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Ол әскерге шығарып салудан бастап, Әскери ант қабылдауға және запасқа шығаруға дейінгі қызметтің негізгі кезеңдерін қамтиды.
– Әскери дәстүрлерді жаңғырту жас ұрпақ арасында әскери қызметтің маңызын насихаттауға, сарбаздардың Отан алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және қоғамның армияға деген құрметін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз, – деді Ақылжан Ақылбеков.
Оның айтуынша, әскерге шақыру науқанының міндеті тек азаматтарды іріктеп, әскери бөлімдерге жіберумен шектелмейді. Қызметін аяқтағаннан кейін жастардың білім алуын және кәсіби дамуын жалғастыруына жағдай жасау да маңызды.
Мәселен, 2025 жылы Абай облысынан көктемгі әскерге шақырылған әскери қызметшілердің арасынан 61 адам мемлекеттік білім беру грантымен жоғары оқу орындарына түскен. Жалпы ел бойынша бұл мүмкіндікті 3 мың әскери қызметші пайдаланған.
Облыстан грант иеленген жастардың 37-сі Қорғаныс министрлігінің әскерлерінде, үшеуі Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерінде, 14-і Ұлттық ұланда және жетеуі ҰҚК Шекара қызметінде әскери борышын өтеген.
– Бүгінде жас азамат өзінің әскери борышын өтей жүріп, қызметтің бір жылмен ғана шектелмейтінін және оның алдағы мүмкіндіктеріне кедергі келтірмейтінін түсінуі маңызды. Керісінше, әскери қызметтен кейін ол білімін жалғастырып, мамандық алып, өзінің болашақ өмір жолын айқындай алады. Сондықтан әскери қызметшілер мен қызметін өтеп келген азаматтарға көрсетілетін қолдау шараларының маңызы зор, – деп атап өтті Ақылжан Ақылбеков.
Сонымен қатар әскерге шақыруды ұйымдастыру тәсілі де өзгеріп келеді. Руслан Омаровтың айтуынша, «Smart военкомат» жобасы аясында рәсімдердің едәуір бөлігі автоматтандырылған форматқа көшірілген.
Енді тұрғылықты жерін ауыстырған кезде азаматқа әскери есепке тұру үшін арнайы жүгінудің қажеті жоқ. Жыл сайын республика бойынша 400 мыңнан астам адам автоматты түрде қайта тіркеледі. Сондай-ақ жыл сайын 170 мыңнан астам 17 жастағы жасөспірім алғашқы әскери есепке жеке өтінішсіз автоматты түрде қойылады.
Заңды негіздері бар азаматтарға кейінге қалдыру немесе әскерге шақырудан босату шаралары да автоматты түрде ұсынылады. Олардың қатарында білім алушылар, некеде тұрған және балалары бар азаматтар, мүгедектігі бар адамдар, педагогтер және басқа да санаттар бар. Жыл сайын мұндай кейінге қалдыру мен босатуды 450 мыңнан астам азамат автоматты түрде алады.
Тағы бір маңызды бағыт – әскери қызметшілерді кәсіби даярлау. Мерзімді әскери қызмет кезінде жастар 20-дан астам сұранысқа ие мамандықты меңгере алады. Олардың қатарында әртүрлі санаттағы жүргізушілер, тракторшылар, экскаваторшылар, байланыс мамандары және парамедиктер бар. Жыл сайын мұндай оқудан шамамен 2 мың әскери қызметші өтеді.
Әскери қызмет аяқталғаннан кейінгі мүмкіндіктер де кеңейіп келеді. 2023 жылдан бері 8 мыңнан астам әскери қызметші ҰБТ нәтижесін есепке алмай, мемлекеттік білім беру грантымен жоғары оқу орындарына түскен. Сарбаздарға кредиттік демалыстар да қарастырылған. Жыл сайын бұл мүмкіндікті 32 мыңнан астам әскери қызметші пайдаланады. Яғни әскери қызмет кезеңінде негізгі қарыз бен сыйақы бойынша төлемдер уақытша тоқтатылады.
Әскери қызметшілер үшін «Сарбаз» цифрлық платформасы жұмыс істейді. Ол сарбаздарды жоғары оқу орындарына бөлу кезінде пайдаланылады және электронды кітапханаға қолжетімділік береді.
Әскери қызметшілердің отбасыларымен байланысына да ерекше көңіл бөлінеді. Әскерде «Отбасымен бейне қоңырау» бейнебайланыс сервисі жұмыс істейді. Сонымен қатар ашық есік күндері, туыстармен кездесулер және «Ерлік сабақтары» өткізіледі. Қорғаныс ведомствосы өкілдерінің пікірінше, армияның ашықтығы қоғамның сеніміне тікелей әсер етеді.
Бұл ретте негізгі қағидалардың бірі – конституциялық міндетті орындау. Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабында Отанды қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті екені бекітілген.
– Қазақстандағы әскери қызмет кез келген заманауи мемлекеттегідей ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғаудың маңызды құрамдас бөлігі болып саналады. Сонымен қатар мерзімді әскери қызметтің маңызы қызмет өткеру кезеңінен әлдеқайда кең. Мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтар еліміздің әскери дайындықтан өткен резервінің негізін қалыптастырады, – деді Руслан Омаров.
Осылайша, қазіргі мерзімді әскери қызмет біртіндеп тек әскери дайындықтан өту кезеңі ғана емес, жастарға кәсіби дағдыларды меңгеруге, білім алуға және қосымша әлеуметтік қолдау шараларын пайдалануға мүмкіндік беретін маңызды кезеңге айналып келеді.
Абай облысында күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Күзгі шақыру науқаны барысында Абай облысынан мерзімді әскери қызметке 700-ден астам азаматты жіберу жоспарланып отыр.