Семейде қала күні қалай атап өтіледі?
14–20 қыркүйек аралығында Семейде Қала күніне арналған мерекелік апта өтеді. Тұрғындар мен қала қонақтары үшін мәдени, спорттық, әлеуметтік және танымдық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама Қазақстандық және шетелдік өнер жұлдыздарының қатысуымен Қарағайлы шағын ауданындағы Республика алаңында өтетін үлкен гала-концертпен аяқталады.
Биылғы мерекелік бағдарлама «Семейді сүю – тарихқа бас ию!» деп аталады. Семей қаласы әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаевтың айтуынша, іс-шараларды ұйымдастыру барысында қаланың тарихына, мәдени мұрасына, жастар бастамаларына және қала тұрғындарының мазмұнды демалысына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте әкім орынбасары мерекелік аптаның алғашқы күні тұрғындарды Семейдің тарихы мен мәдениетімен таныстыруға арналатынын айтты. 14 қыркүйекте Орталық кітапханада «Туған өлке – тұнған тарих» танымдық quiz-ойыны, сондай-ақ «Менің сүйікті қалам» қалалық мобилографтар байқауы өтеді.
Бағдарламаның бір күні әлеуметтік бастамаларға арналады. 15 қыркүйек «Семей – мейірімді қала» атауымен өтеді. Бұл күні Биологиялық орталық тұрғындарды сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін тегін қабылдайды. Сондай-ақ жалғызбасты, аз қамтылған азаматтар мен зейнеткерлерге аула аумақтарын тазалауға көмек көрсету жоспарланған. Балалар үшін қалалық демалыс саябақтары мен сауда үйлерінде «Балаларға базарлық» акциясы аясында жеңілдіктер қарастырылған.
Әсет Баймұрзаевтың айтуынша, мерекелік бағдарлама тек көңіл көтеруге ғана емес, тұрғындардың қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысуына да бағытталуы керек.
16 қыркүйек жастар тақырыбына арналады. Бұл күні Арбатта жоғары және орта білім беру ұйымдарының студенттері мен қала жастарының қатысуымен «Arbat Fest» ашық микрофоны ұйымдастырылады.
Мәдени бағдарлама 18 қыркүйекте жалғасады. Мәдениет сарайында жанды дауыста «Семей – жүрегімдегі қала» концерті өтеді. Сол күні қарапайым еңбек өкілдеріне «Үздік маман-2026» номинациясы бойынша марапаттар табысталады. Сағат 16:00-де осы жерде күш экстримінен «Семей батыры» ашық турнирі өтеді.
19 қыркүйекте бағдарлама спорттық іс-шаралар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен жалғасады. Қарағайлы шағын ауданындағы «Арена» мәдени-спорттық кешенінің аумағында жәрмеңке өтеді. Оның басталуы сағат 09:00-ге жоспарланған.
Сол күні Семей қаласының аударыспақтан ашық турнирі, бәйгеден ашық турнир және «TUNGI RUN - SEMEY» шағын марафоны өтеді. Аударыспақ жарысында қатысушылар 68, 74 және 87 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша сынға түседі. Ал ат спорты жарыстары Аламан, Топ бәйге және Құнан жарысы бағыттарын қамтиды.
Мерекелік аптаның қорытынды күні – 20 қыркүйек «Туған қалам – Семейім!» атауымен өтеді. Орталық саябақта балалар арасында «Семейім – жүрегімнің төріндесің» шығармашылық байқауы және «Kitap time» кітап марафоны ұйымдастырылады. Сағат 11:00-де қолөнер бұйымдарының «Handmade Семей» жәрмеңкесі және қала кондитерлері арасында қаланың туған күніне арналған үздік аспаздық композиция байқауы басталады.
Сол күні Ертіс жағалауында ММА ережесі бойынша қоян-қолтық ұрыстан «ARB SEMEY» халықаралық турнирі өтеді.
Қала күнінің басты оқиғасы Қарағайлы шағын ауданындағы Республика алаңында «Open Air» форматында өтетін мерекелік гала-концерт болады. Сахнаға ТҰРАР ЫДЫРЫС, АЙДАНА МЕДЕНОВА, АЙРИ, ЕРНАР АМАНДЫҚ, сондай-ақ Қырғызстаннан AMIRCHIK, Германиядан NANA DARKMAN және Молдовадан ARSENIUM FROM OZONE шығады. Кешті Жазира Еркін мен DAKE жүргізеді. Мерекелік кеш отшашумен аяқталады.
Республика алаңына бара алмайтын тұрғындар үшін гала-концерттің тікелей трансляциясы «Арбат» аумағында және Мұхтар Әуезов алаңында ұйымдастырылады.