Т. Дүйсенова жас сарапшыларға Әлеуметтік кодекстің новеллалары туралы айтып берді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Парламенті Сенатында жас сарапшылармен кездесу өткізіп, таяуда қабылданған Әлеуметтік кодекстің басты 5 новелласы туралы айтты.
ЕХӘҚМ басшысы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген және мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылған Отбасының цифрлық картасын (бұдан әрі – ОЦК) бірінші новелла екенін атап өтті.
«ОЦК – бұл мемлекеттік қолдау түрлері бойынша дербестендірілген отбасылардың деректер қоры. Оны енгізудің басты мақсаты қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан Кодексте біз ОЦК-ны әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Сондай-ақ, ОЦК – бұл отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесі мен әл-ауқатының дәрежесіне сүйене отырып, адамдарға мемлекеттік қолдау туралы хабарлайтын электрондық хабарлама. Хабарлама SMS-хабарламалар түрінде жіберіледі, жәрдемақылар мен төлемдер ақпараттық жүйеде бар деректер негізінде азаматтарға проактивті форматта тағайындалады», – деді Тамара Дүйсенова.
Екінші новелла – атаулы әлеуметтік төлемдерді күшейту, ол алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу үшін атаулы шараларды, содан кейін ғана әлеуметтік тәуекелдердің салдарымен күресуге бағытталған атаулы көмекті көздейді. ОЦК-ның деректері негізінде атаулы көмектерді көрсету анықталатын болады.
Бұл ретте Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделген: бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту; атаулы әлеуметтік көмек алатын 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау; «Алтын алқа» және «Күміс» алқаларымен марапатталған әйелдерге наградталған ана мәртебесін беру және оның жәрдемақылар мөлшерін саралау; халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарына мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерін ұлғайту.
Үшінші новелла – әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің трансформациялауға қатысты. Мұндағы негізгі мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген қолжетімділігін арттыру.
«Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші ретінде ресімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады.
Тағы да өзгерістердің бірі – арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттарын даярлап, жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу қарастыру. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін – шектеулі бағалар түрінде жіктелетін болады. Бұл өзгерістер бір жағынан кейбір жекелеген қызмет немесе тауар түрлерін монетизациялауға алып келеді және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке секторды кеңінен тарту арқылы саланың инфраструктурасын ауылдық жерге дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – деді министр.
Бұдан басқа, Әлеуметтік қызметтер порталы бойынша комиссияларға жаңа өкілеттіктер беру көзделеді, бұл мүгедектігі бар адамдар ұсынатын техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің сапасын арттыруға ықпал ететін болады.
Төртінші новелла әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелерін жетілдіруді көздейді.
Азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру мақсатында Әлеуметтік кодексте: мемлекеттің, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысу; жүйеге қатысу өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейту; әлеуметтік жарналарды уақтылы аударатын қызметкерлерге зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген.
Әлеуметтік кодексте көзделген зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы айта келе, Тамара Дүйсенова қазіргі зейнеткерлер үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы ұлғайтылатынын хабарлады. Сондай-ақ, еңбек зейнетақысының мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе орташа жалақының 70% - на дейін ұлғаяды. Өз жинақтары есебінен зейнетақы қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілердің қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады. Сондай-ақ олардың зейнетақы активтерін басқару құқықтары кеңейтілді.
Бесінші новелла – халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер, олар: еңбек нарығын ырықтандыруды, яғни платформалық жұмыспен қамтуды қоса алғанда, икемді жұмыспен қамтудың барлық нысандарын тануды; еңбек нарығындағы кедергілерді азайтуды; цифрлық жұмыспен қамту орталықтарын қалыптастыруды көздейді.
Тамара Дүйсенова сөз соңында Әлеуметтік кодексте көзделген новеллалардың көп бөлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін дайындалған заңдар шеңберінде қабылданғанын және осы жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ биылғы 1 шілдеден бастап азаматтардың жекелеген санаттары үшін бірқатар мемлекеттік жәрдемақыларды 14,5%-ға ұлғайту және «Алтын алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін 7,4 АЕК-ке дейін арттыру көзделген.