Cемей27°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
450.91 522.69 5.33

Құрылтайда UNFPA-мен ынтымақтастық перспективалары талқыланды

Бүгін, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

Құрылтай депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Дана Медеуова Қазақстан, Қырғызстан және Түрікменстан бойынша БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (UNFPA) өкілі Чинве Огбоннамен кездесті.

Сондай-ақ кездесуге Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов және Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова қатысты.

Тараптар Қазақстанның UNFPA-мен ынтымақтастығының өзекті бағыттарын, соның ішінде демографиялық даму, репродуктивті денсаулық, гендерлік теңдік, әйелдердің құқығын қорғау және олардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейту мәселелерін талқылады. Жиынға қатысушылардың пікірінше, бұл ретте заң шығару жұмысы бойынша өзара іс-қимыл ерекше рөл атқарады.

– Біз UNPFA-ның Қазақстандағы ұзақ жыл жалғасып келе жатқан жұмысын және ынтымақтастығымызды елдің демографиялық және әлеуметтік қажеттіліктеріне бейімдеу ниетін жоғары бағалаймыз. Қормен өзара нақты іс-қимылды одан әрі жалғастыру үшін Құрылтай депутаттарымен жұмыс аясында да әлеуетіміз зор, – деді Дана Медеуова.

«Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін іске асыру, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелеріне, сондай-ақ осы бағыттардағы бірлескен жұмыстардың перспективаларына ерекше мән берілді.

Кездесу нәтижесінде тараптар сындарлы диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтіп, практикалық ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде әйелдердің құқығын қорғау және гендерлік теңдікті нығайту мәселелері бойынша заңнамалық қызмет шеңберіндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін білдірді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив