Cемей27°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
450.91 522.69 5.33

ҚАЗТЕСТ: қандас мәртебесін немесе Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуды жоспарлағандар нені білуі керек?

Бүгін, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

Қандас мәртебесін алуды немесе Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеуді жоспарлаған азаматтар үшін ҚАЗТЕСТ тапсыру – көші-қон әлеуетін критериалды бағалау кезеңдерінің бірі. Тестілеу арқылы адамның мемлекеттік тілді білу деңгейі анықталады.

Ең алдымен, ҚАЗТЕСТ қазақ тілін терең білуді талап ететін күрделі емтихан емес екенін атап өткен жөн. Тестілеу түсінікті әрі қолжетімді форматта өтеді. Тапсырмалар адамның күнделікті өмірде қарым-қатынас жасауына және Қазақстандағы жаңа ортаға бейімделуіне қажетті мемлекеттік тілді қаншалықты түсінетінін анықтауға бағытталған.

Сұрақтар күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға негізделген. Басты назар адамның қазақ тіліндегі сөздерді тыңдап түсінуіне және оқыған ақпаратты қабылдауына аударылады. Тест тапсырмалары барынша жеңіл құрастырылған.

Қатысушы екі бағыт бойынша тыңдалым және оқылымнан барлығы 60 тапсырманы орындайды. Тестілеуге 1 сағат 10 минут беріледі және ол онлайн форматта тапсырылады.

Тест форматына алдын ала танысып, дайындалғысы келетіндер үшін бейімдеу және интеграция орталықтарында тегін дайындық қарастырылған. Мұнда қажетті кеңес алуға, ҚАЗТЕСТ форматы туралы ақпарат алуға және жаттығу тапсырмаларын орындауға болады. Бұл қатысушыға тест құрылымын алдын ала түсініп, дайындалуға көмектеседі.

Қажетті нәтиже көрсете алмаған жағдайда тестілеуді қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Соңғы тестілеуден кейінгі 30 күнтізбелік күн ішінде екі ретке дейін қайта тапсыруға болады.

Тестілеу прокторинг жүйесі арқылы жүргізіледі. Сондықтан тестті бастамас бұрын камера мен микрофонның дұрыс жұмыс істеп тұрғанын, сондай-ақ интернет байланысының тұрақты екенін тексеріп алған жөн.

Тест нәтижесі үш жұмыс күні ішінде беріледі.

ҚАЗТЕСТ – көші-қон әлеуетін критериалды бағалаудың жалпы рәсіміндегі кезеңдердің бірі. Оның негізгі мақсаты адамның мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолдану деңгейін және қазақ тілінде қарапайым қарым-қатынас жасауға дайындығын анықтау.

Сондықтан болашақ қатысушылар үшін негізгі ақпарат мынадай: тестілеу онлайн форматта өтеді, тапсырмалар қазақ тілін күнделікті өмірде қолдануға қажетті дағдыларды бағалауға бағытталған, оған тегін дайындалуға болады, ал қажет болған жағдайда қайта тапсыруға мүмкіндік бар.

ҚАЗТЕСТ тапсыру тәртібі туралы қосымша ақпаратты Testcenter.kz және migration.enbek.gov.kz ресми ресурстарынан алуға болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив