Берік Уәли: Ауылдардағы өрт қауіпсіздігін күшейту қажет
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы шеңберінде өрт сөндіру пункттерін құру және жаңғырту жұмыстарының барысы, сондай-ақ, күзгі әскери шақыру науқанына дайындық және азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Данияр Алимкин, жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбеков, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Руслан Омаров баяндады.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, облыста 24 өрт сөндіру бекетін құру және жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілді. Оның 17-сі 2025 жылы, 7-еуі биыл жүзеге асырылды. Жалпы, өңірде 174 елді мекендегі 96 мыңнан астам тұрғынды өрттен қорғауды қамтамасыз ететін 77 өрт сөндіру бекеті құрылған.
2026 жылға арналған жоспарға сәйкес 45 нысанда жұмыс жүргізу көзделген. Оның ішінде 12 жаңа өрт сөндіру бекетін құру және қолданыстағы 33 бекетті жаңғырту жоспарланған.
Аймақ басшысы жиында ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігіне жауапты органдардың жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті.
Облыс әкімі жұмылдыру даярлығы басқармасына, қала және аудан әкімдеріне 2026 жылға арналған өрт сөндіру пункттерін құру және жаңғырту жоспарын жыл соңына дейін іске асыруды тапсырды.
Кеңесте күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық мәселесі де қаралды. Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы көктемгі шақыру кезінде облысқа 695 азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу міндеті белгіленіп, 637 адам шақырылды.
Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мәліметінше, күзгі әскерге шақыру науқаны белгіленген тәртіппен жүргізілуде. Әскерге шақыру комиссиялары мен медициналық куәландыру жұмыстары ұйымдастырылып, облыстық жиын пункті жұмыс істеуде. Әскери командалар белгіленген кестеге сәйкес жасақталып, жөнелтілуде. Сонымен қатар жиында әскерге шақыру пункттерінің жағдайын жақсарту, медициналық жабдықтармен, мамандармен, көлік және байланыс құралдарымен қамтамасыз ету, жастарға әскери қызметтен кейінгі білім алу және кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіру қажеттігі айтылды.
Аймақ басшысы аудан және қала әкімдеріне жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, шақырылуға жататын азаматтардың келуі мен белгіленген жоспардың орындалуын күнделікті бақылауды тапсырды.
Айта кетейік, жақында Абай облысында алғаш рет әскерге шақырылған азаматтарды жаңа форматта салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Семей қаласындағы ҚР Мемлекеттік рәміздер алаңында өткен шара барысында 60 жас мерзімді әскери қызметке аттанды. Жаңа форматтағы бастама әскерге шақыру ісін қоғамдық деңгейде дәріптеп, әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған.










