Орталық Азия елдерінің өңірлік отырысында әйелдер кәсіпкерлігін дамытудағы Қазақстанның тәжірибесі таныстырылды
Тәжікстанның Душанбе қаласында Орталық Азия елдеріндегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелеріне арналған өңірлік дөңгелек үстел отырысы өтті.
Қазақстан делегациясының құрамында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері болды.
Аталған кездесудің негізгі мақсаты – кәсіпкерлік бойынша тәжірибе алмасу, әйелдердің экономикалық мүмкіндігін кеңейту, гендерлік теңдікті ілгерілету және Орталық Азия елдерінің шекаралас өңірлері арасындағы ынтымақтастықты дамыту.
Жиында кәсіпкер әйелдердің нарыққа шығуы, шекарааралық сауда, көші-қон, бизнесті дамыту және іскерлік байланыс орнату барысында кездесетін мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар өңір елдерінің, оның ішінде Қазақстанның әйелдер кәсіпкерлігін қолдау тәжірибесі кеңінен айтылды. Қазақстандық делегаттар әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы бастамаларды таныстырды.
Дөңгелек үстел бағдарламасында тақырыптық интерактивті сессиялар, шағын топтардағы жұмыс және шекарааралық инновациялар жәрмеңкесі қарастырылды. Қатысушылар Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын арттыруға қатысты ортақ бастамаларды да әзірледі.
Іс-шара БОМКА-11 бағдарламасының «Шекаралас қоғамдастықтармен байланыс» атты 3-компоненті аясында өткізілді.