Абай облысына жаңа құтқару катері келді
Өңірдің Төтенше жағдайлар департаментіне облыстық бюджет қаражаты есебінен «VOYGER» 850T Cabin Twin құтқару катері сатып алынды.
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли жаңа техниканың мүмкіндіктерімен танысып, техникалық жабдықталуын көрді. Аймақ басшысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Манарбек Шапағатовпен бірге «VOYGER» 850T Cabin Twin құтқару катерімен Ертіс өзені бойымен Семейдегі су тасқынынан қорғайтын бөгеттердің жай-күйін, алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығын бағамдады.
Жаңа катер Ертіс өзені мен Алакөл көлінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, іздестіру және сүңгуірлік-құтқару жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ, құтқарушылар мен қажетті жабдықтарды оқиға орнына жедел жеткізуге арналған. Ұзындығы 8,34 метр болатын шағын моторлы кемеге 8 адам сыяды. Жүк көтергіштігі – 1400 келі.
Катер заманауи навигация және байланыс жүйелерімен жабдықталған. Жылытылатын жабық кабинасы мен жеке каютасы құтқарушылардың ұзақ уақыт кезекшілік атқаруына мүмкіндік береді. Екі қозғалтқышты жүйе катердің маневрлік мүмкіндігін арттырады.
Жаңа техниканың қолданысқа берілуі құтқару бөлімшелерінің ұтқырлығын арттырып, су айдындарындағы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және іздестіру-құтқару жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Абай облысының құтқару бөлімшелерінде барлығы 29 жүзу құралы мен су-мотор техникасы бар. Оның қатарында 5 құтқару катері, 1 әуе жастықшалы кеме, 5 металл және 16 үрлемелі қайық, 2 гидроцикл бар. Техникалар Ертіс өзені, Алакөл көлі мен Шүлбі су қоймасында патрульдеу, іздестіру-құтқару жұмысын жүргізу және судағы төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін пайдаланылады. Сонымен қатар жақында құтқарушыларға Nissan Patrol базасында жасалған, қалың қар мен жолсыз, батпақты жерлерде іздестіру-құтқару шараларын жүргізуге арналған арнайы көлік сатып алынды.








