Cемей20°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
444.88 513.26 5.28

2026–2030 жылдарға арналған Ветеринарияны дамыту жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы талқыланды

Бүгін, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен министрлікте ветеринария саласын дамыту мәселелеріне арналған алқа отырысы өтті.

Жиынға министрлікке қарасты ұйымдардың басшылары, өңірлер мен аумақтық бөлімшелердің өкілдері қатысты.

Алғы сөзінде министр ветеринария саласын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айта келіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетін арттыруға тікелей әсер ететінін баса атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026–2030 жылдарға арналған Ветеринарияны дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Қазіргі таңда ветеринариялық қауіпсіздіктің инфрақұрылымы, зертханалық диагностика, цифрландыру, заңнамалық реттеу, кадрлық қамтамасыз ету және ветеринариялық фармацевтика бағыттарын қамтитын заманауи жүйе әзірленуде. Мемлекет тарапынан бұл мақсаттарға қомақты қаражат бөлініп отыр. Сондықтан негізгі міндет – бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, жергілікті жерлерде нақты нәтижеге қол жеткізу. Яғни жануарлар арасында аурулардың алдын алуды уақтылы жүргізу, ветеринариялық бақылаудың тиімділігін арттыру, эпизоотиялық ахуалды жақсарту және ветеринариялық қызметтердің сапасын күшейту қажет», – деді министр.

Мәселен, биыл және алдағы жылға ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 66,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл 2 399 ветеринариялық нысанды салу және сатып алуға бағытталады. Осы жылға жоспарланған барлық жұмыс белгіленген мерзімде аяқталып, әрбір нысан толыққанды іске қосылуға тиіс.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин аталған кешенді жоспардың іске асырылу барысы туралы баяндады.

Кешенді жоспар сегіз негізгі бағытты қамтиды. Олардың қатарында эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру, зертханалық диагностиканы дамыту, саланы цифрландыру, кадрлық қамтамасыз ету және ветеринариялық фармацевтиканы жетілдіру мәселелері бар.

Ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды, оның ішінде жануарларды вакцинациялауды жүргізуге, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіруге ерекше мән берілуде. Сондай-ақ мал қорымдарын түгендеу және олардың қоршауларын талапқа сай жағдайға келтіру жұмыстары қолға алынады. Оның барлығын ағымдағы жылы қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен бірге отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық нарықтарын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Қазақстан жануарлардың аса қауіпті бірқатар аурулары, оның ішінде аусыл, құс тұмауы, африкалық шошқа обасы, классикалық шошқа обасы және африкалық жылқы обасы бойынша Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы мойындаған халықаралық мәртебелерге ие болды және оларды растады.

Үстіміздегі жылы отандық мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы жаңа нарықтарға шығару жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, құс шаруашылығы өнімдерін Қытайға, ет өнімдерін Түркия мен Таиландқа, спорттық жылқыларды Біріккен Араб Әмірліктеріне, тірі жылқыларды Жапонияға, сүт өнімдерін Корея Республикасына, шошқа етін Грузияға экспорттауға рұқсат алу мәселелері пысықталуда.

Бұдан бөлек, аквашаруашылық өнімдері мен жылқы етін Еуропалық одақ нарығына шығару көзделуде.

Ветеринария саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бақылау тетіктерін күшейту мақсатында Парламентке «Ветеринария туралы» заң жобасы енгізілді.

Саланы цифрландыру да негізгі басымдықтардың бірі. Жануарлар мен өнімдердің қозғалысын қадағалау және электрондық сертификаттау жүйелері жетілдірілуде. Дүниежүзілік банктің қолдауымен ветеринариялық препараттарды есепке алу жүйесі әзірленіп жатыр. Жаңа жүйе препараттың тағайындалуынан бастап, қолдануға дейінгі барлық кезеңде қадағалауға мүмкіндік береді.

Саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға да ерекше назар аударылуда. Ветеринария мамандарына әлеуметтік қолдау көрсету, оларды арнайы және нысанды киіммен қамтамасыз ету, еңбекақысын арттыру және қосымша ынталандыру тетіктерін енгізу көзделген. Сонымен қатар магистратурада білім алуға арналған мемлекеттік білім беру гранттарының саны 200-ге дейін көбейтілмек.

Мемлекеттік шекарадағы ветеринариялық бақылау бекеттерін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Бұл шаралар ветеринариялық бақылаудың тиімділігін арттырып, сыртқы сауда жұмыстарынң үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жиын соңында Айдарбек Сапаров жекелеген көрсеткіштер бойынша төмен деңгейдегі өңірлердің мәселелеріне айрықша назар аудара отырып, Кешенді жоспарда белгіленген барлық міндеттің толық әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ ветеринариялық нысандардың құрылысын жеделдетіп, оларды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді және межелі мақсаттардың жергілікті жерлерде орындалуын бақылауды күшейтуді міндеттеді.

«Ветеринариялық қызметтің алдында тұрған басты мақсат – ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алып, елдегі ветеринариялық салауаттылықты тұрақты қамтамасыз ететін заманауи, тиімді әрі цифрлық жүйе қалыптастыру. Оған қажетті қаржылық, инфрақұрылымдық және заңнамалық негіз жасалды. Ендігі міндет – ветеринариялық жүйенің барлық деңгейінің өзара үйлесімді жұмысын жолға қойып, қабылданған әрбір шешімді шынайы жетістікке айналдыру», – деді министр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив