Cемей17°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
446.56 512.34 5.3

Құрылтай депутаттарына 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды

Бүгін, 09:45 Думан Кенжеғазыұлы

Құрылтай депутаттарына 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы таныстырылды. Таныстырылым Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечинаның төрағалығымен, Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева мен жауапты Үкімет мүшелерінің қатысуымен өтті.

Дания Еспаева өз сөзінде 2027–2029 жылдар тапшылықты азайту және мұнай қаражатына тәуелділікті біртіндеп төмендету арқылы неғұрлым қатаң бюджеттік бағытқа көшу кезеңі ретінде мәлімделгенін атап өтті. Осы ретте жаңадан құрылған Құрылтай үшін бұл алғашқы бюджеттік кезең және аса жауапты заңнамалық процестердің бірі.

Вице-спикер атап өткендей, Құрылтайға жаңа Бюджет кодексінде көзделген едәуір көлемді материалдар ұсынылды. Бұл депутаттарға тікелей кірістер мен шығыстарды ғана емес, одан да кеңірек – бүкіл мемлекеттік қаржы жүйесінің тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының елімізді дамыту жөніндегі барлық тапсырмаларын мүлтіксіз әрі тиімді орындауға ерекше назар аударылады, – деп атап өтті Дания Еспаева.

– Біздің мақсатымыз – мәселелер туралы жай ғана айту емес, оларды шешуге өз үлесімізді қосу. Кәсіби Құрылтайдың бақылауы одан да кеңірек болғаны абзал. Егер бір мәселені көтерер болсақ, оны шешудің ықтимал жолдарын да ұсынған жөн. Үкіметтен де осындай жұмыс тәсілін күтеміз. Егер депутаттарда есептеулерге, шығыстардың тиімділігіне немесе белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуге қатысты күмән туындаса, біз неліктен дәл осындай шешім қабылданғаны, қандай балама жолдар бар екені, қандай нәтиже күтілетіні және оған кім жауап беретіні жөнінде тұшымды жауап күтеміз, – деді Құрылтай Төрағасының орынбасары.

Өз кезегінде Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина республикалық бюджет жобасын қарау кезінде депутаттық корпус қаражаттың игерілуін қатаң бақылауға баса мән беретінін айтты. Алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттің негізгі басымдықтары ретінде макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар салуды жеделдету, сондай-ақ мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындау айқындалды.

Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырған Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин оның негізіне жыл сайын орта есеппен 5%-дан жоғары экономикалық өсу қарқыны алынғанын айтты. Экономикалық өсудің негізгі көздері мұнай емес салалар болуға тиіс. Бірінші вице-министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің орташа жылдық өсу қарқыны 5,9%-ды құрап, тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан (2,0%) жоғары болады. Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болмақ. Оның жыл сайынғы орташа өсімі кемінде 5%-ды құрайды.

«2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының негізгі ережелерін депутаттарға Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы таныстырды. Оның айтуынша, 2027 жылы бюджет кірістері 25,4 трлн теңге көлемінде жоспарланған. Оның 19,9 трлн теңгесі – трансферттерді есептемегендегі кірістер. Шығыстар 30,2 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,3% деңгейінде айқындалған. 2029 жылы бюджет тапшылығының 0,4%-ға дейін төмендеуі болжануда, ал меншікті кірістер 23,4 трлн теңгеге дейін өседі.

– Бірінші және ең басым бағыт – адамға салынатын инвестициялар. 2027 жылы адами капиталға 10,5 трлн теңге салу немесе жалпы бюджеттің 35%-ы көзделген. Осы аталған сандардың артында нақты адамдар тұрғанын түсіну өте маңызды. Әлеуметтік саладағы бюджет адамға бағытталған – яғни оның әлеуметтік қорғалуын, денсаулығын, білімін және даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге. Қаражаттың негізгі бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтау саласына тиесілі, – деді Қаржы вице-министрі.

Таныстырылым қорытындысы бойынша заң жобасы талқыланды. Депутаттар Үкіметтің экономикалық өсім болжамы мен халықаралық сарапшылардың бағалаулары арасындағы айырмашылықтар, бюджет тапшылығын жоспарлы төмендету, Ұлттық қор трансферттері есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу және олардың қажетті бюджеттік рәсімдерден өтуі жөнінде сұрады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын қаржыландырудың тиімділігі, «Аграрлық несие корпорациясының» жарғылық капиталын ұлғайтудан күтілетін нәтижелер, ғылымға жұмсалатын шығыстардың тиімділігі, ғылыми әзірлемелерді енгізу және коммерцияландыру мәселелері көтерілді.

– Ресурстар шектеулі кезде тиімсіз шығыстарға жол беруге болмайды. Бюджет қаражаты нақты бағытталуға тиіс: экономика мен азаматтар үшін барынша тиімділік, толық ашықтық және басты міндеттерді қатаң іріктеу қажет. Барлық әріптестерден түзетулер енгізген кезде дәл осы тәсілді басшылыққа алуды сұраймын. Сондай-ақ бюджет теңгерімді болуы керек екенін есте ұстаған жөн: егер шығыстарды ұлғайтуды ұсынсаңыздар, онда басқа бағыттағы шығыстарды қысқарту қажет болады, – деп қорытындылады Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина.

Құрылтайда республикалық бюджет жобасы бойынша алдағы жұмыс депутат Татьяна Савельеваның жетекшілігімен жалғасады. Жұмыс барысында депутаттардың талқылау кезінде айтқан ұсыныстары мен пікірлері ескеріледі.

Заң жобасының таныстырылымынан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. Журналистердің сұрақтарына жұмыс тобының жетекшісі Татьяна Савельева, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы және Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин жауап берді. Брифингте зейнетақыны 8,5%-ға арттыру, ең төменгі жалақы мөлшерінің өспеуі, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын пайдалану және оның инфляцияға ықтимал әсері жөніндегі мәселелерге баса назар аударылды. Журналистер Жоғары аудиторлық палатаның бюджет жобасына қатысты ескертулері, ауылдардағы инфрақұрылымды дамытуға бөлінетін қаржы және тиімсіз бюджеттік бағдарламаларды қысқарту жоспары жөнінде де сұрады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив