Абай облысында жылыту маусымына 1,27 млн тонна көмір қажет
Абай облысында 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жылу көздеріне қазірдің өзінде 40 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл белгіленген нормативтік қордан 1,6 есе көп.
Абай облысының энергетика және энергия үнемдеу басқармасы «Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Нұр-Ғасыр Жиенбаевтың айтуынша, 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына Абай облысының көмірге деген жалпы қажеттілігі 1,27 млн тоннаны құрайды. Оның 567 мың тоннаға жуығы халықтың қажеттіліктеріне жұмсалады.
Қазіргі уақытта жылу көздеріне көмір жеткізу жұмыстары жалғасуда. Отын бекітілген кестеге сәйкес жеткізілуде. Ал отын қорының нормативтік деңгейден төмендеуіне жол бермеу мәселесі тұрақты бақылауда.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Абай облысы бойынша жүк және коммерциялық жұмыс жөніндегі директордың орынбасары Ердәулет Түлековтің айтуынша, облысқа тәулігіне 350 вагон көмір жеткізіледі.
ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Абай облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Николай Дёмин көмір бағасы мен оның жеткізілуін бақылау үшін арнайы электрондық платформа құрылғанын атап өтті.
Көмірді халыққа тиеу және өткізу қарапайым тәртіппен жүзеге асырылады: көмір алғысы келетін азаматтар телефон арқылы немесе тупикке жеке келіп тапсырыс береді. Одан кейін көмір тиеп жөнелтіледі.
Көмірдің бағасы жеткізумен бірге – 20 500 теңге, ал өздігінен алып кеткен жағдайда – 18 мың теңгені құрайды.