Берік Уәли әкім гранты иегерлерімен кездесті
Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Семей медицина университетінде жергілікті бюджет есебінен бөлінген білім беру грантының иегерлерімен кездесті.
Соңғы екі жылда жергілікті атқарушы органдар тарапынан өңір жастары үшін 400 білім гранты бөлінді. Бұл гранттар жастардың жоғары білім алуына және еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие мамандықтарды тегін меңгеруіне тамаша мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі таңда осы грантпен білім алып жатқан студенттің қатарында Семей қаласының ғана емес, еліміздің басқа да жетекші жоғары оқу орындарында оқып жатқан дарынды жастарымыз бар.
Биыл облыс әкімдігі жоғары оқу орнында білім алуға ең қажетті, сұранысқа ие 32 мамандық бойынша 200 грант қарастырды. Бұл гранттар педагогика, экономика, техника, құрылыс, медицина, ауыл шаруашылығы және IT саласы мамандарын даярлауға бағытталып отыр. Биылғы жылдың басты ерекшеліктерінің бірі – алғаш рет 25 грант республика аумағындағы тиісті білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орындарына бөлінуі. Атап айтқанда, «Арнайы педагогика», «Режиссура» және «Арт-менеджмент», «Әлеуметтану», «Саясаттану», «Дінтану» және «Теология» мамандықтарына да грант қарастырылып, жаңа кадрларды даярлауға жол ашылды.
Ерекше атап өтерлігі, республика бойынша біздің облыс 200 грантпен алдыңғы бесінші орынға шықты.
Облыс әкімі грант иегерлерін құттықтап, жастардың алған білімін туған елдің дамуына арнауы қажеттігін атап өтті.
Кездесуде облыс әкімінің грантына ие болған студенттер көрсетілген қолдау үшін өз ризашылықтарын жеткізді.
Кездесу барысында білім саласындағы маңызды бастамаларды жүзеге асыруға өз үлесін қосқан азаматтар, гранттық қабылдау науқанын ұйымдастыруға белсенді атсалысқан жауапты тұлғалар, ақпараттық жүйені әзірлеуге үлес қосқан мамандар және оқу үлгерімі бойынша үздік нәтиже көрсеткен студенттер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қазіргі таңда кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту бойынша өңірдегі 32 колледжде 21 мыңға жуық студент, ал облыстағы үш ірі жоғары оқу орнында – Шәкәрім университеті, Alikhan Bokeikhan University және Семей медицина университетінде 20 мыңға жуық студент оқып жатыр.










