Еліміздің жаңа саяси-әкімшілік картасы таныстырылды
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасының жаңа саяси-әкімшілік картасын таныстырды.
Жоба ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда жаңа облыстар құру туралы Жарлығын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылды. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 3 мамырында республикада Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары құрылды. Осылайша, ұсынылған Қазақстанның саяси-әкімшілік картасы Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының жаңа шекараларын, сондай-ақ елдің жаңадан құрылған облыстарының орналасуын көрсетеді. Сонымен қатар, ведомство Абай, Жетісу, Ұлытау, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының тақырыптық карталарын және сонымен бірге, олардың облыс орталықтарының жоспар-схемаларын таныстырды.
Осылайша, министрлік:
– Масштабы 1:1 500 000 Қазақстан Республикасының саяси-әкімшілік картасын;
– Масштабы 1:1 000 000 Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының карталарын жаңартты, Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарының карталарын;
– Масштабы 1:25 000 Қарағанды, Семей, Өскемен қалаларының жоспар-схемаларын;
– Масштабы 1:10 000 Жезқазған, Қонаев, Талдықорған қалаларының жоспар-схемаларын жасады.
«Осыдан тура бір жыл бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жаңа облыстарды құру туралы Жарлық шығарды, бұл аталған өңірлердің экономикалық өсуіне серпін бергені сөзсіз. Бүгінгі іс-шара – Президенттің осы шешімін іске асыру жолындағы тағы бір қадам. Өндірілген картографиялық және геодезиялық материалдар мен деректер мемлекеттік басқаруда, елдің инфрақұрылымын дамытуда, мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, навигациялық қызметтер саласында және адам қызметінің басқа да салаларында шешімдер қабылдау кезінде аса маңызды және қажетті геокеңістік негізі болып саналады», - деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.
Жаңа карталар барлық мүдделі мемлекеттік органдарға берілді. Сонымен қатар, карталарға жеке және заңды тұлғалар қол жеткізе алады. Ол үшін «Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне жоспарланып отырған жұмыс учаскелерінде жергілікті жерлердің геодезиялық және картографиялық жағынан зерделенгендігі туралы тиісті мәліметтер беру» мемлекеттік қызметін таңдап, «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК-ға өтінім беру қажет. Барлық карталарды визуалды түрде және таңдау үшін nkgf.kz. сайтынан көруге болады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың сұрауы бойынша 49, жеке және заңды тұлғалардың өтінімдері бойынша 225 тақырыптық карта ұсынылған.