Абай облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу күшейтіледі
Абай облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу тәсілдері қайта қаралады. Енді профилактикалық жұмыстар құқық бұзушылық жасаған немесе полиция есебінде тұрған жасөспірімдермен ғана шектелмей, алғашқы қиындық белгілері байқалған балаларды ерте анықтауға бағытталады.
Бұл туралы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланған жиында Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов айтты.
«Әрбір құқық бұзушылықтың артында баланың тағдыры, оның отбасы мен әлеуметтік ортасы тұр. Сондықтан профилактикалық шаралар құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ғана қолға алынбауы тиіс. Басты міндет – қауіп-қатерді ерте анықтап, оның алдын алу», – деді Мейірлан Раханов.
Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек полиция мен білім беру ұйымдарының міндеті емес. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен қатар ата-аналар мен қоғам да бірлесіп жұмыс істеуі қажет.
Жиында өңірдегі жағдайға қатысты статистикалық мәліметтер де таныстырылды. Абай облысының білім басқармасының басшысы Айжан Құрманованың мәліметінше, 2026 жылдың сегіз айында кәмелетке толмағандарға қатысты 83 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37 пайызға жоғары.
Ал облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкеновтің айтуынша, биыл кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі 9 пайызға өскен. Жыл басынан бері жасөспірімдер 41 қылмыс жасаған. Оларға барлығы 48 жасөспірім қатысқан. Оның 47-сі – ұл, біреуі – қыз.
Құқық бұзушылық жасағандардың 16-сы мектепте, 28-і колледжде, төртеуі жоғары оқу орындарында білім алған. Олардың 38-і толық, 10-ы толық емес отбасында тәрбиеленіп отырған.
Жиында буллинг пен кибербуллингтің, зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ суицид профилактикасы мәселелері де қаралды. Қазір білім беру ұйымдарында сынып сағаттары, тренингтер, консультациялар мен ата-аналар жиналыстары өткізіліп келеді. Дегенмен мамандар профилактикалық жұмысты мәселе туындағаннан кейін ғана жүргізу жеткіліксіз екенін атап өтті.
«Кейде бала өз мәселесін ашық айта алмайды. Сондықтан оның мінез-құлқына, көңіл-күйіне, мектептегі және сыныптағы қарым-қатынасына назар аудару маңызды. Қажет болған жағдайда балаға дер кезінде көмек көрсетілуі тиіс», – деді Айжан Құрманова.
Жиында Семей қаласында 10 қыркүйекте болған екі 13 жастағы оқушы арасындағы жанжал да мысал ретінде келтірілді. Оқиға салдарынан екі жасөспірім де пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Олардың біреуі жансақтау бөліміне жатқызылған.
Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі әр деңгейдегі комиссияларға полиция тарапынан 142 материал жолданған.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған нақты шараларды әзірлеу, оларды іске асыру мерзімдерін белгілеу және орындалуын бақылау тетіктерін айқындау тапсырылды.
«Біздің ортақ міндетіміз – тәуекел тобындағы бірде-бір баланы назардан тыс қалдырмау. Ең бастысы – мәселені ерте кезеңде анықтап, балаға дер кезінде қолдау көрсету», – деп атап өтті Мейірлан Раханов.
Тағыда оқыңыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу»Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзіМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына ЖолдауыМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына ЖолдауыМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі