Ата заңдағы жаңа кезең: қағидаттан нақты іске дейін
Қазақстанның конституциялық дамуында жаңа кезең басталды. 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда азаматтардың басым көпшілігі жаңа Конституцияны қолдады. Ресми мәлімет бойынша, дауыс беруге 9 миллионнан астам адам қатысып, олардың 87,15 пайызы жаңа Ата заңды қабылдауды жақтап дауыс берген. Ал жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді.
Жаңа Ата заң - елдің құқықтық жүйесін ғана емес, мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастардың жаңа бағытын айқындайтын негізгі құжат. Конституцияның өзінде Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы мен унитарлық сипаты өзгермейтіні нақты бекітілген. Сонымен бірге мемлекет дамуының басты құндылықтары қатарында адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық диалогты дамыту, білім, ғылым мен инновацияны қолдау, тарихи-мәдени мұраны сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру секілді бағыттар көрсетілген.
Бұл жерде ең маңызды назардың бірі - адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына аударылып отыр. Жаңа Конституцияда бұл бағыт жеке бөлім ретінде нақтыланып, құқықтармен қатар азаматтардың міндеттеріне де мән берілген. Яғни Ата заң азаматтың мемлекет алдындағы ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігін де айқындайды. Құқық пен міндеттің қатар жүруі - құқықтық мемлекетті қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі.
Жаңа конституциялық кезеңде халықтың мемлекеттік биліктің бастауы ретіндегі рөлі де ерекше көрсетіледі. Конституцияға сәйкес, халық өз билігін референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады. Азаматтардың мемлекет ісіне қатысу тетіктерін күшейтуге бағытталған жаңа институттар да қарастырылған. Бұл - қоғам мен мемлекеттік басқару арасындағы байланысты жаңа деңгейге шығаруға бағытталған қадам.
Мемлекеттік билік жүйесінде де елеулі өзгерістер бар. Жаңа Конституция бір палаталы Құрылтайды заң шығарушы орган ретінде белгілейді. Сонымен бірге азаматтардың өкілдік қатысуына мүмкіндік беретін Қазақстан Халық Кеңесі институтының құқықтық негізі бекітілді. Оның Құрылтайға заңнамалық бастама енгізу құқығы қарастырылған. Осы арқылы қоғамдық пікірдің мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысуының жаңа формасы қалыптасады.
Алайда Конституциядағы өзгерістерді тек мемлекеттік институттарды қайта құру деп қабылдауға болмайды. Оның мазмұнында елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған құндылықтар да бар. Соның ішінде адам капиталы, білім, ғылым және инновация мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалған. Бұл – қазіргі заманда елдің экономикалық қуаты табиғи ресурстармен ғана емес, білімді, білікті және шығармашыл азаматтардың әлеуетімен өлшенетінін көрсетеді.
Жаңа Конституцияда заң мен тәртіптің үстемдігі де мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілген. Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздік ең алдымен заң талаптарының баршаға бірдей орындалуына байланысты. Сондықтан жаңа конституциялық кезеңде мемлекеттік органдардың жауапкершілігімен қатар, әр азаматтың құқықтық мәдениетін көтеру де маңызды міндетке айналады.
Ата заңдағы тағы бір маңызды бағыт - қоғамдық диалог. Қоғам өзгерген сайын азаматтардың мемлекеттік шешімдерге деген талабы да арта түседі. Бүгінгі қоғам ашықтықты, есептілікті және нақты нәтижені күтеді. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияда қоғамдық диалогтың жеке қағидат ретінде көрсетілуі – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған маңызды белгі.
Жаңа Конституция табиғатқа деген жауапкершілікті де назардан тыс қалдырмайды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік конституциялық деңгейде көрініс тапқан. Бұл әсіресе экологиялық мәселелер күшейіп отырған кезеңде маңызды. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны сақтау енді тек жекелеген мемлекеттік бағдарламалардың емес, жалпыұлттық құндылықтың бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Сонымен бірге жаңа Ата заң мемлекеттің болашақ даму бағытын айқындайтын саяси-құқықтық негіз ретінде қабылданды.
Конституцияның жаңа редакциясы мемлекеттік биліктің құрылымын, азаматтардың құқықтық мәртебесін және қоғамның даму басымдықтарын қайта жүйелейді. Ал оның нақты нәтижесі заңнаманың жаңартылуы мен жаңа конституциялық нормалардың күнделікті өмірде қалай жүзеге асатынына байланысты болады. Конституцияны іске асыру үшін қолданыстағы заңнаманы жаңа нормаларға сәйкестендіру жұмыстары да жүргізілуде.
Басты заңдағы жаңа бағыттың негізгі мәні де осында. Конституция - тек мемлекеттік органдардың жұмыс тәртібін белгілейтін құжат емес. Ол әр азаматтың құқығын, қоғамның жауапкершілігін және мемлекеттің даму бағдарын айқындайтын негізгі құқықтық негіз.
Жаңа кезеңнің басты міндеті - Ата заңда бекітілген қағидаттарды қағаз жүзінде қалдырмай, оларды қоғам өмірінің нақты тетіктеріне айналдыру. Адам құқығының қорғалуы, заңның үстемдігі, сапалы білім мен ғылымның дамуы, мемлекеттік органдардың есептілігі, қоғамдық диалог пен азаматтардың белсенділігі – жаңа конституциялық бағыттың мазмұнын айқындайтын негізгі ұстанымдар.
Сондықтан жаңа Конституция - тек жаңа құжат емес, мемлекеттің болашаққа деген жаңа көзқарасын білдіретін құқықтық негіз. Оның түпкі мақсаты - тәуелсіздікті нығайтып, қоғамның тұрақты дамуына жағдай жасау және азамат пен мемлекеттің арасындағы жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа қатынастарды қалыптастыру.