Семейде арнайы аяқ киім шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды
Семейде өндірістік кәсіпорындарға арналған арнайы аяқ киім шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды. Жаңа фабрика «Техноавиа – Қазақстан» компаниясының қаладағы өндірістік қуатын кеңейту жобасы аясында ашылып отыр.
Өндірістің ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «Техноавиа – Қазақстан» ЖШС бас директоры Жанат Әміренов қатысты.
Компания Семейде 2023 жылдан бері арнайы киім өндіретін фабриканың жұмысын жүргізіп келеді. Мұнда өндірістік және корпоративтік киімдер, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне арналған арнайы киімдер тігіледі. Енді кәсіпорын жаңа бағытты қолға алып, арнайы аяқ киім өндірісін іске қосты.
Жаңа фабрикада 30-дан астам адам еңбек етеді. Ал қолданыстағы тігін өндірісінде 152 жұмысшы бар. Кәсіпорынның арнайы киім өндірісінің жобалық қуаты жылына 160 мың бұйымды құрайды. Былтыр фабрикада 135 мыңнан астам тігін бұйымы өндірілген. Оның 85 пайызы экспортқа жөнелтілген.
Аймақ басшысы жаңа өндірістің іске қосылуы өңірдегі өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, өндірісті ашумен қатар, жергілікті өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыру да маңызды.
«Өңіріміздегі кәсіпорындар бір-бірін қолдап, өзара тиімді серіктестік орнатуы қажет. Өзімізде сапалы өнім өндіріліп тұрғанда, оны сырттан сатып алуға ұмтылу дұрыс емес. Сондықтан кәсіпорын басшыларын қажетті өнімді сатып алу кезінде бірінші кезекте жергілікті өндірушілердің мүмкіндігін қарастыруға шақырамын. Бұл – жаңа жұмыс орындарын сақтауға және өңір ішінде өндірістік кооперацияны дамытуға мүмкіндік береді», – деді Берік Уәли.
Жаңа өндірістің ашылуымен қатар, жергілікті кәсіпорындармен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған келісімдер де жасалды. Атап айтқанда, «Техноавиа – Қазақстан» ЖШС мен «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны», «QAZAQ-ASTYQ GROUP», «Eurasia Agro Semey», «Эйкос», «KondiZ distribution» және «Силикат» компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Компания өнімдерін тұтынушыларға тікелей ұсыну үшін Семейде фирмалық сауда нүктесін де ашты. Мұнда арнайы киім мен аяқ киімді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік бар.
«Біз 2023 жылы Семейде арнайы киім шығаратын фабриканы іске қосқан едік. Енді өндіріс ауқымын кеңейтіп, арнайы аяқ киім фабрикасын ашып отырмыз. Бұл – компаниямыздың Қазақстандағы арнайы аяқ киім өндіретін алғашқы филиалы. Оның Абай облысында, оның ішінде Семейде ашылуы біз үшін ерекше маңызды», – деді Жанат Әміренов.
Айта кетейік, 2026 жылы «Техноавиа – Қазақстан» ЖШС отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізіліп, өнім өндіруші мәртебесін растады. Алдағы уақытта компания өндірістік алаңдарын кеңейтіп, жаңа технологиялық жабдықтар сатып алуды және жұмысшылар санын арттыруды жоспарлап отыр.
Жалпы, Абай облысында инвестициялық белсенділік те артып келеді. Соңғы бір жарым жылда өңірдегі инвестициялық жобалар саны 29-дан 144-ке дейін өскен. Олардың жалпы инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 5,4 трлн теңгеге жетті.
Биыл облыста құны 129,2 млрд теңге болатын 38 инвестициялық жобаны іске қосып, 3230 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңда оның ішінде жалпы құны 34,6 млрд теңге болатын 14 жоба іске қосылып, 598 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды.
Семейдегі жаңа өндірістің іске қосылуы – өңір экономикасын әртараптандырумен қатар, жергілікті өнімнің үлесін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жобалардың бірі.






