Абай облысында педагогтерге құрмет көрсетілді
Абай облысында Ұстаздар күніне орай «Ұстаз – болашақтың шамшырағы» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада өңір педагогтерінің еңбегі ұлықталып, білім саласының үздіктеріне мемлекеттік наградалар мен арнайы марапаттар табысталды.
Жиынға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, барша ұстазды кәсіби мерекесімен құттықтады. Өңір басшысы ұстаз еңбегінің қоғам үшін маңызына тоқталып, педагогтің міндеті тек білім берумен шектелмейтінін атап өтті.
«Ұстаз – білім беріп қана қоймай, ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын, оның бойына ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді сіңіретін тұлға», – деді Берік Уәли.
Бүгінде білім беру саласындағы мамандарға деген құрмет нақты қолдаулармен де көрініс тауып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагог мәртебесін арттыруды білім саласындағы маңызды бағыттардың бірі ретінде айқындап отыр. Бұл ретте ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға, олардың еңбегін ынталандыруға және жастардың педагогикалық мамандықтарға қызығушылығын арттыруға басымдық берілуде. Абай облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Биыл өңір жастарына жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алуға 200 грант бөлінсе, оның 34-і педагогикалық мамандықтарға арналған. Бұл – болашақ мұғалімдерді қолдауға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Салтанатты жиында ұстаздардың еңбегі жоғары деңгейде бағаланды. Аягөз ауданындағы №1 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Салима Ахметова, Семей қаласындағы №6 гимназиясының директоры Айнагүл Исимбекова және Мақаншы ауданындағы Әсет Найманбай атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жазира Саянова «Құрмет» орденімен марапатталды.
Сонымен қатар бірқатар педагогке Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин», «Еңбек ардагері» медальдары, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломы мен Құрмет грамоталары табысталды. Ұстаздарға министрліктің Алғысы, «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және облыс әкімінің Алғыс хаттары да табысталды.
Биыл облыста педагогтерді ынталандыру мақсатында арнайы стипендиялар алғаш рет тағайындалды. Бұл бастама ұстаздардың кәсіби жетістіктерін бағалап қана қоймай, олардың қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған. «Кемел ұстаз» номинациясында Жарма ауданындағы Маяковский атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Серікбек Қизатолла мен облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицейінің география пәні мұғалімі Раушан Иманбаева үздік атанды. Ал «Болашаққа серпін» номинациясы бойынша Ақсуат ауданындағы Қаныш Сәтпаев атындағы Жәнтікей орта мектебінің мұғалімі Бекзат Мерекенов пен облыстық «Білім-инновация» лицейінің мұғалімі Ильяс Сейілғазин стипендия иегері болды. «Мамандыққа адалдық» номинациясы бойынша Аслаевтар әулетіне арнайы стипендия табысталды.
Бүгінде Абай облысының білім беру ұйымдарында 17 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Олардың 98 пайызы жаңартылған біліктілік санаттарына ие. Өңірде 52 педагог-шебер, 2773 педагог-зерттеуші, 3301 педагог-сарапшы және 5720 педагог-модератор бар. Ал колледждерде 1639 педагог техникалық және кәсіптік білім беріп, еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды даярлауға үлес қосып келеді.







