Абай облысында су шаруашылығы жүйесі жаңғыртылады
Абай облысында су ресурстарын тиімді пайдалану, суармалы жерлердің көлемін арттыру және ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл мәселелер облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте талқыланды. Жиынға облыстық басқармалар мен өңірлік департаменттердің басшылары қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнебайланыс арқылы қосылды. Күн тәртібінде су қоймаларын салу, гидротехникалық нысандар мен ирригациялық жүйелерді қайта жаңғырту, сондай-ақ суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Жауапты мамандардың айтуынша, өңірде су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту бойынша бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында облыста 6 жаңа су қоймасын салу, 1 су қоймасының құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, 7 су торабын, 29 магистральдық каналды және коммуналдық меншіктегі 6 гидротехникалық құрылысты қайта жаңғырту көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жобалардың бір бөлігі бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа су қоймаларын іске қосу өңірдегі суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, Ақсуат ауданындағы Қарғыба су қоймасы арқылы қосымша 5 132 гектар, ал Үржар ауданындағы Қарақол су қоймасы арқылы 6 558 гектар суармалы жерді игеру жоспарланған. Қалған бес су қоймасының құрылысы жүзеге асқан жағдайда, ауыл шаруашылығы айналымына 22 мың гектарға дейін суармалы жер енгізу көзделіп отыр. Бұл жұмыстардың маңызы әсіресе ауыл шаруашылығы үшін жоғары. Суармалы алқаптардың көбеюі егін шаруашылығының мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, су ресурстарын тиімді пайдалануға және өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға жол ашады.
Абай облысында суармалы жерлерді тиімді пайдалану және су ресурстарын ұтымды басқару бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. 2025 жылы иесіз қалған 21 шаруашылықішілік канал коммуналдық меншікке қабылданған. Бұл каналдарды қалпына келтіріп, ауыл шаруашылығы мақсатында тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Өңірдегі маңызды міндеттердің бірі – Ертіс өзенінің су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы суармалы жерлердің көлемін кезең-кезеңімен арттыру. Осы бағытта 2030 жылға дейін суармалы алқаптарды 70 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бесқарағай және Жаңасемей аудандарында суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына кеңінен енгізу, инвестиция тарту, ирригациялық инфрақұрылымды дамыту және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы, жоспарланған жобалар іске асқан жағдайда өңірдің су шаруашылығы жүйесінің мүмкіндігі едәуір кеңейеді. Нәтижесінде 55 мың гектар жаңа суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіліп, 223,7 млн текше метр су жинақталады. Сонымен қатар 374,5 шақырым магистральдық канал жөнделіп, бір гектардан алынатын өнімділікті 16 центнерден 27 центнерге дейін арттыру жоспарланған.
Ал Ертіс өзенінің гидропотенциалын тиімді пайдалану есебінен суармалы жерлердің көлемін тағы 70 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Осылайша облыстағы суармалы жерлердің жалпы көлемі 238,4 мың гектарға дейін жеткізіледі. Бүгінде «Қазсушар» РМК «Абай» филиалының теңгерімінде 64 су шаруашылығы нысаны бар. Оның ішінде 3 су қоймасы, 20 су торабы және жалпы ұзындығы 503,5 шақырымды құрайтын 41 магистральдық канал жұмыс істейді. Каналдардың техникалық жағдайын жақсарту бағытында да жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы 70 шақырым канал механикалық тазалаудан өткізілсе, биыл ұзындығы 142 шақырым болатын 20 магистральдық каналда тазалау жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 110 шақырымы тазартылды.
Аппараттық кеңесте облыс әкімі су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ жаңа суармалы алқаптарды ауыл шаруашылығы айналымына енгізу, инвестиция тарту, су қоймалары мен су тораптарын жаңғырту жобаларын уақытылы іске асыру және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажеттігі айтылды. Берік Уәлидің айтуынша, су ресурстарын тиімді пайдалану мен су қауіпсіздігін қамтамасыз ету – стратегиялық маңызы бар бағыт. Қазақстан Республикасының 2024–2028 жылдарға арналған су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында Абай облысында 6 жаңа су қоймасын салу, Қаракөл су қоймасының құрылысын аяқтау, 7 су торабын және 29 магистральдық каналды жаңғырту көзделген.
Жоспарланған жобалардың жүзеге асуы өңірдегі су жинау мүмкіндігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа суармалы жерлерді қосуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде егін шаруашылығының өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына серпін бермек.

