Абай облысында «Әділет» партиясы кәсіпкерлік нысандардың тазалығын тексерді
Абай облысында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында кәсіпкерлік нысандардың санитарлық жағдайына бақылау күшейтілді. Семей қаласына қарасты Бобровка кентінде жүргізілген мониторинг барысында бірқатар дүкеннің айналасындағы аумақтың тазалығы тексерілді.Партиялық бақылау жұмысына «Әділет» партиясының өкілдерімен бірге табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары мен полиция қызметкерлері қатысты.
Мамандар алдымен кәсіпкерлік нысандардың айналасындағы аумақтың тазалығы мен абаттандырылу деңгейіне назар аударды. Тексеру кезінде «Эконом +», «Калинка» және «Нұржау» дүкендерінің маңынан санитарлық талаптарға қатысты кемшіліктер анықталды. Нәтижесінде «Эконом +» дүкенінің иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 2-бөлігі бойынша 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Ал қалған екі нысан иесіне анықталған кемшіліктерді жою үшін 10 күн уақыт берілді. Кәсіпкерлерге белгіленген мерзімде аумақтарды ретке келтіріп, санитарлық талаптарды сақтау қажеттігі түсіндірілді. Партиялық бақылау инспекторы Майра Мұрсаханның айтуынша, кәсіпкерлік нысанның тазалығы оның ішкі аумағымен ғана өлшенбейді. Дүкеннің айналасы да тұрғындар пайдаланатын орта болғандықтан, оның тазалығына нысан иесі жауапты болуы тиіс.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы мұндай бақылау жұмыстарының мақсаты – кәсіпкерлерді жазалау ғана емес, ең алдымен, тазалық мәдениетін қалыптастыру. Әрбір нысан иесі өзіне тиесілі аумақты күтіп ұстауға жауапкершілікпен қараған жағдайда, қаланың жалпы көрінісі де жақсара түспек. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, кәсіпкерлік нысандардың санитарлық жағдайы партиялық бақылауда болмақ.


