Абай облысында Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті
Бүгін Семей қаласында жазушы, абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, жерлесіміз Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ әдебиетіндегі көркем ойлау жүйесі және Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық даралығы» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі және Шәкәрім университетінің ұйымдастыруымен өткен ғылыми жиынға Қазақстан, Түркия және Өзбекстаннан әдебиеттанушы, тарихшы ғалымдар, абайтанушылар мен алаштанушылар, зиялы қауым өкілдері, жас зерттеушілер қатысты.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли Тұрсын Жұртбайдың қазақ ғылымы мен ұлттық руханиятына қосқан үлесі зор екенін атап өтті.
«Біз бүгін Алаштың астанасы, тұңғыштар мекені, қазақтың қайта өрлеу дәуірінің алтын бесігі Семейде бөгенайы бөлек, маңызы ерек салихалы басқосуда жүздесіп отырмыз. Елу жылдан астам ғұмырын ғылымға, ұлттық сананы жаңғыртуға, тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын толтыруға арнаған абыз қаламгер, біртуар ғалым, қабырғалы қайраткер Тұрсын ағамыз Кеңес одағы заманынан бастап сол кезеңде қауіпті тақырып саналатын жаңа бағыт алаш тарихын зерттеп, Алаштану ғылымының негізін салған ғалымдардың біріне айналды. Қазақтың бірнеше буын көкірегі отты, көзі ашық жастары осы үлкен ғылыми арнаның, рухани темірқазықтың арқасында азаматтық болмысын, саяси көзқарасын, тарихи санасын қалыптастырды. Профессор Тұрсын Жұртбайдың зерттеу бағыттары мен ғылыми еңбегі – тұлғатану мен тарихнаманың алтын қоры десек, асылық айтқандық болмас еді. Ғалымның көпжылдық ізденісін тұтас әрі жүйелі концепция ретінде қарастыру оның шығармашылық зертханасын терең түсінуге мүмкіндік береді. Бүгінгі конференция мерейтойды атап өту рәсімі ғана емес, ұстазға, ғалымға деген туған елдің құрмет-қошеметі деп білерсіздер», – деді Берік Уәли.
Ғылыми жиында Тұрсын Жұртбайдың қазақ әдебиеттануы, абайтану, алаштану және әуезовтану ғылымының дамуына қосқан үлесі, қаламгердің шығармашылық даралығы мен көркемдік ізденістері жан-жақты талқыланды.
Пленарлық мәжілісте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара, Өзбекстан Республикасы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің бас ғылыми қызметкері Бахром Ырзаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Айгүл Рамазан, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессорлары Жансая Жарылғап, Шәкәрім университетінің профессоры Бауыржан Ердембеков Тұрсын Жұртбай шығармашылығына қатысты мазмұнды баяндама жасады.
Мерейтой иесі халықаралық конференцияны ұйымдастырушыларға өз ризашылығын жеткізді.
«Осы уақытқа дейін менің атыммен 134 кітабым жарық көріпті. Бүгін, осы конференцияда солардың ішіндегі ойларымды, айтылған сөздерді сіздер талқыға салдыңыздар. Үлкен қауым біледі. Жастардың алдағы уақытта қаперінде болар деп ойлаймын. Ағайын, "осынша берген дәулетті, көтеріп тұра алар ма екенбіз" деп Ақтамберді жырау айтқандай, осынша үлкен құрметтеріңізге шын жүрегімнен рахмет айтамын», – деді жазушы.
Конференция аясында Тұрсын Жұртбайдың «Ұлт ақыны. Мағжан Жұмабайдың шығармашылық өмірбаяны» және «Өлгендермен өмір сүремін» атты кітаптарының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, жазушының атынан Шәкәрім университетінің 5 студентіне Тұрсын Жұртбай атындағы арнайы стипендия тағайындалып, сертификаты табыс етілді.
Мерейтойға орай бүгін Семейде «Тұрсын Жұртбай әлемі» көрмесі ұйымдастырылып, Абай музейінде «Алаштың алып тұлғасы» атты әдеби кеш өтеді.







