Семей әкімі ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады
Семей қаласындағы Мәдениет сарайында Ұстаздар күніне орай салтанатты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Жиынға қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы, білім саласының ардагерлері мен ұстаздар қауымы қатысты. Салтанатты шарада қала әкімі педагогтерді кәсіби мерекесімен құттықтап, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбектеріне алғыс білдірді. Әділет Нұрсағатұлы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласын дамытуға, педагог мәртебесін көтеруге және ұстаз еңбегін лайықты бағалауға ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті.
Қазіргі таңда Семей қаласында 159 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның 54-і – жалпы орта білім беретін мектеп. Бүгінде шаһардағы білім ошақтарында 52 мыңнан астам оқушы білім алып, 6 мыңға жуық педагог еңбек етіп келеді. Бұл көрсеткіштердің артында мыңдаған баланың болашағы мен ата-ананың үміті тұр. Ал сол сенімді ақтап, шәкірттерге білім мен тәрбие беру – ұстаздың күнделікті жауапты міндеті.
Мерекелік шара барысында білім беру саласының дамуына және жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан бірқатар педагогке құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды. Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасты. Ұстаздарға арналған әндер орындалып, мерекелік кешке жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.





