Басты міндет – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу
Мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен халықтың билікке деген сенімі ең алдымен заңдылыққа, ашықтыққа және жауапкершілікке негізделеді. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қоғам игілігіне адал қызмет ету – әрбір мемлекеттік қызметшінің негізгі міндеті. Осы тұрғыдан алғанда, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған жол бермеу – жұмысымыздың басым бағыттарының бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей: «Мемлекет жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық фактілерін анықтау ғана емес, жемқорлықтың алдын алу үшін жұмыс жүргізіп жатыр». Президенттің бұл ұстанымы мемлекеттік органдардың алдына нақты міндет қояды: сыбайлас жемқорлыққа мүмкіндік беретін себептер мен жағдайларды дер кезінде анықтап, оларды жоюға бағытталған жүйелі шаралар қабылдау.
Біздің басты міндетіміз – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Бұл үшін қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, қызметтік міндеттерді орындауда жауапкершілікті күшейту және мемлекеттік басқару үдерістеріндегі тәуекелдерді азайту қажет. Әрбір шешімнің негізінде заң талаптары мен тұрғындардың мүддесі тұруы тиіс.
Семей қаласында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын ала анықтауға, олардың туындауына ықпал ететін факторларды жоюға және ашықтықты қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.
Атап айтқанда, 2026 жылдың сәуір–мамыр айларында «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» №4 үлгілік базалық бағытының (ҰББ-4) жобаларын іске асыру шеңберінде қала әкімдігінің дербес бөлімдері мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді.
Талдау барысында ұйымдардың қызметіндегі тәуекелдерге ықпал ететін факторлар зерделеніп, оларды азайтуға бағытталған нақты ұсынымдар әзірленді. Қорытындысы бойынша талдамалық анықтама дайындалып, ұсынымдарды іске асыру жөніндегі жоспар бекітілді. Қазіргі уақытта жоспарға сәйкес тиісті іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Бұл жұмыстың нәтижесі анықталған тәуекелдердің қаншалықты азайғанымен, ұсынылған шаралардың күнделікті қызметке енгізілуімен және басқару сапасының жақсаруымен бағалануға тиіс. Сондықтан әрбір ұсынымның орындалуына мұқият қарап, оның нақты нәтижесіне мән беру маңызды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – белгілі бір мерзіммен шектелетін науқан емес, мемлекеттік органдар қызметінің тұрақты бағыты. Әрбір мемлекеттік қызметші өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде заңдылықты, адалдықты, әділдікті және жауапкершілікті басшылыққа алуы қажет. Халыққа қызмет етуге жүктелген сенім жеке мүддеден әрдайым жоғары тұруға тиіс.
Қалада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысы да бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. 2026 жылы комиссияның үш отырысы өткізіліп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимылға қатысты алты мәселе қаралды. Әрбір мәселе бойынша тиісті ұсынымдар қабылданып, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Комиссия қызметінің негізгі мақсаты – тәуекелдердің пайда болу себептерін жоюға бағытталған нақты әрі нәтижелі шараларды қамтамасыз ету. Осы орайда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара үйлесімді жұмысы, басшылардың жауапкершілігі және қабылданған шешімдердің уақтылы орындалуы ерекше маңызға ие.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда қоғамның да рөлі зор. Заңды құрметтеу, адал еңбек ету, әділетсіздікке бейжай қарамау және қоғамдық мүддені қорғау – баршамызға ортақ құндылықтар. Ал мемлекеттік органдар тұрғындармен ашық диалог орнатып, олардың өтініштері мен ұсыныстарына мұқият қарауға міндетті. Халық сенімі күнделікті адал еңбек пен әділ шешім арқылы нығаяды.
Семей қаласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік басқаруда ашықтық пен есептілікті нығайту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру. Қала дамуына қатысты әрбір бастама мен шешімнің негізінде заңдылық, адалдық және халық игілігі тұруы тиіс.