Cемей15°С
Ауа-райы
  • Абай25°С
  • Аягөз23°С
  • Ақсуат22°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау22°С
  • Курчатов17°С
  • Көкпекті22°С
  • Үржар26°С
447.14 500.35 5.24

Вице-Президенттің конституциялық өкілеттігі қандай?

Бүгін, 10:09

Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде тәуелсіздік жылдарында ұзақ уақыт қолданылмаған Вице-президент институты қайта енгізілді. Бұл өзгеріс елдегі мемлекеттік билік жүйесін қайта қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі болды. Жаңа Ата Заңның 49-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Вице-президентін Президент тағайындайды. Алайда бұл тағайындау Құрылтайдың келісімінсіз жүзеге аспайды. Яғни кандидатураны Мемлекет басшысы ұсынады, ал Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен келісім беріледі. 

Вице-президент лауазымына қойылатын талаптар да Конституциялық заңда нақты белгіленген. Бұл қызметке тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, соңғы он бес жыл Қазақстанда тұрған және жоғары білімі бар азамат тағайындала алады. 

Жаңа жүйеде Конституцияға сәйкес Вице-президент Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Президент атынан өкілдік етеді. Сонымен қатар Вице-президентке Президент айқындайтын басқа да өкілеттіктер берілуі мүмкін. Яғни бұл лауазым мемлекеттік биліктің әр тармағы арасындағы байланысты қамтамасыз ететін тетіктердің біріне айналады. Вице-президенттің нақты функционалы тек Конституцияда көрсетілген міндеттермен шектелмейді. 2026 жылғы 5 қыркүйектегі Президент Жарлығында оның өкілеттіктері нақтыланып, стратегиялық сипаттағы ішкі және сыртқы саясат бастамаларын әзірлеу және Президентке ұсыну сияқты міндеттер де белгіленді. Вице-президенттің мәртебесі оның саяси және экономикалық қызметіне қойылған шектеулерден де көрінеді. Өкілеттігін атқару кезеңінде ол өкілді органның депутаты бола алмайды, басқа ақы төленетін қызмет атқаруға, кәсіпкерлікпен айналысуға және саяси партия мүшесі болуға құқылы емес. 

Институттың тағы бір маңызды қыры – мемлекеттік басқарудағы сабақтастық мәселесі. Жаңа Конституцияда Президенттің өкілеттігін мерзімінен бұрын атқара алмайтын жағдайларда оның міндетін кім атқаратыны нақты реттелген. Осы тұрғыдан алғанда Вице-президент институты биліктің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін конституциялық тетіктердің бірі ретінде қарастырылған.

Бұл институттың қайта енгізілуі іс жүзінде де іске асты. 2026 жылғы 31 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қариннің кандидатурасын Құрылтай қарауына ұсынды. Депутаттар келісім бергеннен кейін Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Вице-президенті болып тағайындалды. Сол күні Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған Вице-президентті қабылдады. 

Осылайша, жаңа Конституциядан кейін Вице-президент Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіндегі дербес конституциялық лауазым ретінде жұмысын бастады. Оның тағайындалу тәртібі Президент пен Құрылтайдың өзара байланысын көрсетсе, өкілеттіктері Мемлекет басшысының тапсырмаларын мемлекеттік органдармен үйлестіруге бағытталған.

Вице-президент институтының қайта енгізілуі – жаңа Конституция аясындағы тек атаулық өзгеріс емес, мемлекеттік билік жүйесіндегі өкілеттіктерді қайта бөлу және басқару тетіктерін нақтылау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Жаңа конституциялық модельде бұл лауазым Президент пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың қосымша буыны ретінде қалыптасып отыр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив