Семейде Қарттар күніне орай ардагерлерге құрмет көрсетілді
Семей қаласында Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарға құрмет – ұрпаққа міндет» атты мерекелік іс-шара өтті. Аға буын өкілдеріне құрмет көрсетуге арналған жиынға қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы, еңбек ардагерлері мен қарттар қатысты.
Қала басшысы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ардагерлердің қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін, жас ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі орнын атап өтті.
Қазіргі уақытта Семей қаласында 57 мыңнан астам қарт азамат тұрады. Қала аумағында 200-ге жуық бастауыш ардагерлер ұйымы белсенді қызмет атқарып келеді. Қала әкімі аға буын өкілдерінің қоғамдық өмірге араласуы, өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда ерекше маңызға ие екенін жеткізді.
Мерекелік іс-шара барысында бірқатар ардагер қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Өз кезегінде аға буын өкілдері көрсетілген құрмет пен ықылас үшін алғыстарын білдірді.





