Абай облысында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмыстары жүргізілуде
Абай облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және халықты қолжетімді өніммен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өңірде бағаға тұрақты мониторинг жүргізіліп, азық-түлік тапшылығының алдын алу шаралары қолға алынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша облыстағы инфляция деңгейі 8,4%-ды құрады. Ал 7 қазандағы жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалар индексі жыл басынан бері 102,3%-ды құрады.
Жұмыртқа, қияр және қара шай бағасында өсім байқалса, қырыққабат, пияз, сәбіз, картоп пен қант арзандаған.
2025–2026 жылдар маусымында тұрғындарға 1 272,6 тонна картоп, 207,5 тонна қырыққабат, 232,2 тонна сәбіз және 179,4 тонна пияз сатылған. Бұдан бөлек, 204 тонна күріш, 120 тонна қарақұмық жармасы, 241,3 тонна қант және 359 мың литр күнбағыс майы өткізілген.
Сондай-ақ нан бағасын тұрақтандыру үшін бір данасы 140 теңгеден 1 миллион 71 мың 429 дана нан сатып алуға келісім жасалған.
Семей қаласында «Дала дәмі» акциясы аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға нарықтағы бағадан төмен бағамен 5 тоннаға жуық азық-түлік өнімі ұсынылған.
Қазіргі уақытта «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қарамағында 16 әлеуметтік павильон бар. Оның сегізі жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар халыққа қолжетімді өнім ұсыну мақсатында төрт жаңа әлеуметтік павильон орнатылған.
Өңірде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.