Үржар ауданында тері арқылы коронарлық араласу орталығының құрылысы аяқталды
Облыс әкімі Берік Уәли Үржар аудандық көпсалалы орталық аурухана базасында құрылысы жақында аяқталған тері арқылы коронарлық араласу орталығын аралап, медициналық нысанның мүмкіндіктерімен танысты.
Бұған дейін Үржар ауданында мұндай орталық болмағандықтан, жедел коронарлық синдромы бар науқастар мамандандырылған медициналық көмек алу үшін Аягөз ауданына жіберіліп келген. Жаңа орталық қажетті диагностикалық тексерулер мен интервенциялық емді аудан деңгейінде уақтылы жүргізуге мүмкіндік береді.
14 төсек-орынға есептелген орталық тәулік бойы, аптасына жеті күн шұғыл медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Мұнда екі кардиоинтервент дәрігер, операциялық медбике, рентген-зертханашы және аға медбике жұмыс істейтін болады. Орталық заманауи медициналық технологияларды қолдану арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастарға мамандандырылған көмек көрсетуге арналған.
Биылғы тоғыз айда Үржар ауданында жүрек-қан тамырлары ауруларымен есепте тұрған 6 554 адам тіркелген. Осы кезеңде 889 азаматта аталған аурулар алғаш рет анықталған. Бұл көрсеткіштер ауданда кардиологиялық көмекті дамыту қажеттігін айқын көрсетеді.
Аймақ басшысы жаңа медициналық нысанның аудан тұрғындары үшін маңызын атап өтіп, орталықты білікті мамандармен қамтамасыз ету және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын тұрақты бақылау қажеттігіне назар аударды.
1988 жылы салынған аудандық көпсалалы орталық аурухана бүгінде тұрғындарға медициналық қызмет көрсететін негізгі мекеме саналады. Оның құрамында 14 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт және 15 медициналық пункт жұмыс істейді. Мұнда 92 дәрігер мен 302 медбикені қоса алғанда, 600-ден астам медицина және өзге де қызметкер еңбек етеді.
Аймақ басшысы нысанды аралағаннан кейін Үржар аудандық ауруханасына жаңа санитариялық автокөліктердің кілтін табыстады. Атап айтқанда, ауруханаға «А» сыныбындағы 1 JAC Sunray және 3 «ГАЗель-NEXT» санитариялық автокөлігі берілді.





