Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
448.98 502.45 5.45

Медиасауаттылық – ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды құралы

Бүгін, 15:23 018.kz

Қазіргі цифрлық дәуірде интернет пен әлеуметтік желілер адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Күн сайын миллиондаған ақпарат таралып, адамдардың дүниетанымы мен қоғамдық көзқарасына әсер етуде. Алайда ақпараттың барлығы бірдей шынайы әрі сенімді емес. Әлеуметтік желілерде жалған жаңалықтар, манипуляциялық материалдар, өшпенділікке шақыратын жарияланымдар мен деструктивті идеологияны насихаттайтын контент те кездеседі.

Осындай жағдайда медиасауаттылық – адамды ақпараттық қауіп-қатерден қорғайтын маңызды дағды.

Медиасауаттылық не үшін қажет?

Медиасауаттылықты ақпараттық кеңістіктегі өзіндік «иммунитет» деп атауға болады. Ол адамның ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауына, шынайы деректерді жалған мәліметтерден ажыратуына және түрлі манипуляцияларға қарсы тұруына көмектеседі.

Бүгінде кез келген адам әлеуметтік желіге бейнеролик, сурет немесе мәтін жариялай алады. Мұндай материалдар қысқа уақыт ішінде мыңдаған адамға таралуы мүмкін. Алайда ақпараттың кеңінен таралуы оның шынайылығын дәлелдемейді.

Мәселен, әлеуметтік желіде белгілі бір адамдарды немесе қоғамдық топтарды кінәлайтын эмоционалды бейнеролик жарияланды делік. Онда нақты дәлелдерден гөрі қорқыныш, ашу мен жеккөрушілік сезімін тудыратын сөздер басым болуы мүмкін. Мұндай ақпаратты тексермей қабылдау адамның көзқарасына кері әсер етуі ықтимал.

Ал медиасауатты адам ақпараттың авторын, дереккөзін, жарияланған уақытын тексеріп, оны өзге сенімді мәліметтермен салыстырады. Ең бастысы, факті мен жеке пікірдің айырмашылығын ажырата біледі.

Интернеттегі жасырын қауіптер

Ақпараттық қауіптің басты ерекшелігі – оның әрдайым ашық байқала бермейтіндігі. Кейбір деструктивті интернет-ресурстар бастапқыда бейтарап немесе қызықты материалдар жариялап, аудиторияның сеніміне кіруге тырысады. Кейін біртіндеп белгілі бір радикалды көзқарастарды насихаттайтын ақпараттарды ұсына бастайды.

Әлеуметтік желілердің алгоритмдері де пайдаланушының бұрын қызығушылық танытқан материалдарына ұқсас жарияланымдарды жиі көрсетеді. Соның салдарынан адам бір ғана көзқарас басым болатын ақпараттық ортада қалып қоюы мүмкін.

Мысалы, жасөспірім белгілі бір тақырыптағы бірнеше бейнероликті көргеннен кейін оған осы мазмұндағы басқа материалдар ұсыныла береді. Уақыт өте келе ол балама пікірлермен таныспай, біржақты ақпаратты жалпыға ортақ шындық ретінде қабылдауы ықтимал.

Сондықтан медиасауаттылықтың негізгі қағидаларының бірі – бір ғана ақпарат көзімен шектелмеу және кез келген мәліметті салыстырып тексеру.

Манипуляциялық ақпаратты қалай тануға болады?

Манипуляциялық контент көбіне адамның эмоциясына әсер ету арқылы оның шешіміне ықпал етуге бағытталады. Әсіресе қорқыныш, ашу, жеккөрушілік немесе шамадан тыс алаңдаушылық тудыратын жарияланымдарға сақтықпен қараған жөн.

Мысалы, «Шындықты тек біз білеміз», «Басқа ақпарат көздерінің бәрі өтірік айтады», «Бізге сенбегендердің бәрі жау», «Қазір әрекет етпесең, кеш болады» деген мазмұндағы мәлімдемелер манипуляция белгілерінің бірі болуы мүмкін.

Мұндай жағдайда ақпаратты бірден қабылдамай, бірнеше маңызды сұраққа жауап іздеген дұрыс: оны кім жариялады, қандай мақсат көзделген, нақты дәлелдер келтірілген бе, өзге сенімді дереккөздер бұл туралы не айтады?

Сондай-ақ ақпараттың адамның эмоциясын әдейі қоздыруға бағытталмағанына назар аудару қажет.

Жасөспірімдерді ақпараттық қауіптен қалай қорғауға болады?

Интернеттегі деструктивті ақпараттың ықпалына әсіресе балалар мен жасөспірімдер осал болуы мүмкін. Сондықтан олардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отбасы мен білім беру ұйымдарының рөлі ерекше.

Ата-аналар балаларының интернеттегі қызығушылықтарына назар аударып, олармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуы маңызды. Жасөспірімнің жаңа ақпарат іздеуі немесе белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасының өзгеруі өздігінен қауіп белгісі болып саналмайды.

Алайда баланың тек бір ақпарат көзіне сенуі, өзге пікірлерді мүлдем қабылдамауы, тексерілмеген мәліметтерді жиі таратуы немесе белгілі бір әлеуметтік топтарға қатысты өшпенділік танытуы қосымша назар аударуды қажет етуі мүмкін.

Мұндай жағдайда баланы айыптау немесе қатаң шектеулер қоюдың орнына, онымен ашық сөйлесіп, ақпаратты бірге талдаған тиімді.

Мысалы, ата-ана баласына «Бұл ақпаратты кім жариялаған?», «Оның шынайылығын қалай анықтауға болады?», «Басқа дереккөздерде қандай мәлімет бар?» деген сұрақтар қою арқылы сыни ойлау қабілетін дамытуға көмектесе алады.

Ақпараттық қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігі

Медиасауаттылықты арттыру үшін күнделікті қарапайым қағидаларды ұстану жеткілікті. Ең алдымен, күмәнді ақпаратты бірден таратпау қажет. Мәліметтің бастапқы дереккөзін, авторын және жарияланған уақытын тексеріп, бірнеше сенімді ақпарат көзімен салыстырған жөн.

Сонымен қатар фотосуреттер мен бейнематериалдардың контекстен жұлынып алынбағанына, тақырыптың мазмұнға сәйкес келетініне және келтірілген статистикалық деректердің нақты ақпарат көздеріне негізделгеніне назар аудару маңызды.

Ақпаратты жауапкершілікпен тұтыну және тарату мәдениеті қоғамдағы өзара сенімді нығайтуға, жалған ақпараттың таралуын азайтуға және деструктивті идеологиялардың ықпалына қарсы тұруға мүмкіндік береді.

Медиасауаттылық – тек жалған жаңалықтарды анықтау қабілеті ғана емес. Бұл – сыни ойлау, ақпаратты талдау, түрлі көзқарастарды салыстыру және саналы шешім қабылдау мәдениеті.

Ақпарат көп заманда ең маңыздысы – бәрін білу емес, ненің шын, ненің жалған екенін ажырата білу. Сондықтан медиасауаттылықты дамыту – әр адамның жеке қауіпсіздігі мен қоғамның ақпараттық тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды шарты.

Абай облысының дін істері басқармасынының бөлім басшысы


Л. Смайлова

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив