Кандидат Нұржан Бахаев жаңа жұмыс орындарын ашу мен жастарды еңбекке баулуға күш салмақ
Тұрақты жұмыс орны, лайықты еңбек жағдайы және кәсіби даму мүмкіндігі – халықтың әлеуметтік әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер. Семей қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Нұржан Бахаев сайлауалды бағдарламасында жұмыспен қамту мен еңбек адамының мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөледі.
Кандидаттың пікірінше, өңір экономикасының тұрақты дамуы үшін жаңа кәсіпорындар ашумен қатар, қолданыстағы өндіріс орындарын білікті мамандармен қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан ол жұмыспен қамту мәселесін өнеркәсіпті дамыту және кәсіптік білім беру бағыттарымен байланыстыра қарастырады.
Сайлауалды бағдарламада жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған инвестициялық жобаларды қолдау, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал ету және кәсіпорындардағы еңбек жағдайын жақсарту міндеттері белгіленген.
Бұл бағытта жастарға ерекше назар аударылған. Нұржан Бахаев техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. Атап айтқанда, колледж студенттерінің өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктерін кеңейту, жас мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау және оларды еңбек нарығына бейімдеу бастамаларын қолдауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселесі де бағдарламадағы маңызды бағыттардың бірі саналады. Өндірістік кәсіпорындардың дамуы үшін инженерлер, механиктер, дәнекерлеушілер, токарьлар және басқа да техникалық мамандардың кәсіби біліктілігі жоғары болуы қажет.
Осыған байланысты кандидат кәсіпорындардың кадрлық қажеттілігіне сәйкес мамандар даярлау, жастарды өндірістік салаға тарту және жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығын күшейту мәселелерін көтеруді көздейді.
Бағдарламада еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына да назар аударылған. Кандидат кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға, еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауды жоспарлап отыр.
Нұржан Бахаев өндіріс саласында жинақтаған тәжірибесін жастардың кәсіби дамуына, жұмысшы мамандықтарын қолдауға және тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етуге бағыттамақ.
*№ 2 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Семей қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Нуржан Бахаевтың сайлау қорынан төленді