Қазақстанда жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 1,7 есеге төмендеді
ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында АИТВ бойынша ағымдағы ахуал қаралып, тиісті медициналық көмек көрсету шаралары талқыланды. Денсаулық сақтау министрі адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясының таралуы және БҰҰ-ның жаһандық стратегиясының көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.
Министрдің айтуынша, адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) инфекциясы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде де өзекті мәселе болып отыр. Соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстанда АИТВ-мен сырқаттанушылық 2 есеге артты, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан (ЖИТС) болатын өлім-жітім көрсеткіші 1,7 есеге төмендеді.
2021 жылы ҚР 2030 жылға қарай жұқтырылған иммун тапшылығының синдромын жою және жаһандық стратегияның мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерін қабылдады, бұл АИТВ-мен өмір сүретін барлық адамның 95%-ы өздерінің мәртебесі туралы білуі керек; АИТВ-ны жұқтырғандардың 95%-ы емделуі керек; 95% науқастардың емі тиімді болуы керек дегенді білдіреді.
Денсаулық сақтау министрінің мәлімдеуінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елде АИТВ-мен өмір сүретін 30 558 адам тұрады. 2022 жылы 3 877 жаңа жағдай тіркелді, бұл ретте еркектер әйелдерге қарағанда 2 есе көп анықталды. 82%-ы 18-49 жас аралығындағы еңбекке қабілетті халыққа тиесілі. Жыныстық жолмен берілу басым – 75%-ды, содан кейін инъекциялық жолмен берілу 20%-ды құрайды.
АИТВ-ны жұқтырғандарға медициналық көмекті медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінен бастап және АИТВ инфекциясының профилактикасы бойынша 20 орталық көрсетеді. Республикалық деңгейде Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы қызметті үйлестіріп, бақылау жүргізеді.
«Жалпы елімізде АИТВ-ны жұқтырған пациенттер мен халықтың негізгі топтары үшін қызметтердің қолжетімділігін жақсарту бойынша жүйелі іс-шаралар жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді», — деді Ажар Ғиният.
Бірінші: АИТВ-ны жұқтырған адамдарға медициналық қызмет көрсетуді және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді регламенттейтін нормативтік-құқықтық актілер жетілдірілді;
Екінші: Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік препараттардың тізімі 12 ден 16-ға дейін кеңейтілді.
Үшінші: Елімізде 1986 жылдан бастап халықаралық ұсыныстар кезең-кезеңмен енгізілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған 12 профилактикалық бағдарлама бойынша АИТВ-ның профилактикасына, диагностикалауға және емдеуге бағытталған кешенді қызметтер пакеті енгізілді.
Төртінші: Ақпараттық-білім беру жұмысында әлеуметтік желілер, тик-токтар, чат-боттар сияқты жаңа технологиялар қолданылады.
Жоспарлы жұмыс, халықаралық ұсынымдарды енгізу, профилактикалық бағдарламаларға қолжетімділікті қамтамасыз ету және емдеу бойынша мемлекеттік қолдау нәтижесінде:
- емдеумен қамту және тиімділігі 1,3 есе артты (2018 жылғы 65%-дан 2022 жылы 87%-ға артты);
- ЖИТС-тен өлім-жітім көрсеткіші 1,7 есе төмендеді;
- АИТВ-ның анадан балаға берілу қаупі 2 есе төмендеді.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, Қазақстанда АИТВ инфекциясы – тұрақты сатыда (0,3%) сақталуда және еліміздің барлық өңірлерінде тіркелген. Айта кету керек, әлемдік орташа көрсеткіш – 0,7%.
Министрлік АИТВ инфекциясының профилактикасы бойынша жұмысты бес негізгі көрсеткіш бойынша тұрақты бағалауды жүргізеді. Мәселен, 7 облыста – Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан областырында, Астана және Алматы қалаларда сырқаттанушылық Қазақстан Республикасы бойынша орташадан жоғары.
«ЖИТС-тен болатын өлім-жітім 6 облыста орташа республикалық көрсеткіштен жоғары, олар: Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 4 есе артық», — деді Ажар Ғиният.
АИТВ инфекциясы эпидемиясының жайылған кезеңге өтуін, яғни халықтың арасында кең таралуын сипаттайтын көрсеткіш – жүкті әйелдердің арасында таралуы, республика бойынша бұл көрсеткіш төмен деңгейде – 0,13, бірақ 7 өңірде орташа көрсеткіштен жоғары (Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары және Алматы қ.), Шығыс Қазақстан облысында таралу көрсеткіші – жоғары (0,59).
Өкінішке орай, халықтың негізгі топтарының арасында осы инфекцияның профилактикасы үшін үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті пайдаланылмайды, олар эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруда және аурудың жаңа жағдайларын анықтауда маңызды рөл атқарады. Тек 6 өңірде – Түркістан, Атырау, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Астана, Шымкент қалаларында 7 үкіметтік емес ұйым мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алды, ал елде 44 үкіметтік емес ұйымдар бар. Қалған өңірлерде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс соңғы жылдары бөлінбейді, бұл елдің эпидемиологиялық жағдайына ықпалын тигізетіні сөзсіз.
«Жалпы саралау нәтижелері Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында бес негізгі көрсеткіштің төртеуі инфекцияның таралуының неғұрлым жоғары деңгейін және облыстардың аумағында АИТВ инфекциясының жаңа жағдайларының алдын алу бойынша қабылданатын шаралардың жеткіліксіз деңгейін көрсетеді», — деді А. Ғиният.
Әрі қарай министр АИТВ-ны жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсетудің негізгі мәселелеріне тоқталды. Қоғамда осы аурумен өмір сүретін адамдарға және халықтың негізгі топтарына қатысты стигма мен кемсітушілік сақталады.
Проблемалық мәселелер мен АИТВ инфекциясын тұрақты ұстап тұру жөніндегі мақсатты ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі 4 негізгі бағытты қамтитын 2023-2026 жылдарға арналған іс-шаралардың жол картасы жүзеге асуда.
Жол картасының бірінші бағыты – «Стигма мен кемсітушіліктің профилактикасы, үкіметтік емес ұйымдарды дамыту». Адамдардың денсаулығы мен өміріне әсер ететін кемсітушілік және жазалау заңдарының күшін жою, халықтың хабардар болуын арттыру жөніндегі іс-шаралар өткізіледі, атап айтқанда:
- қауымдастық күштерімен стигма мен кемсітушілікке қарсы іс-қимыл жоспарын әзірлеу;
- біліктілікті арттыру циклдерінде барлық мамандықтағы, оның ішінде пенитенциарлық мекемелердің медициналық бөлімдеріндегі дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін оқытуды жүргізу;
- дөңгелек үстелдер, акциялар, халық арасында ағарту жұмыстары, семинар мен тренингтер.
Халықтың негізгі топтарына медициналық қызметтер көрсету бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде достық тәсілдер енгізіледі, бұл дегеніміз – медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде адам иммун тапшылық вирусын анықтайтын жедел тесттерді енгізу.
Екінші бағыт бойынша – «Адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеу» тестілеу алгоритмі қайта қаралады, емдеу ерте басталатын болады және жаңа заманауи препараттар қолданылады.
Кадрлық әлеуетті арттыру үшін барлық медицина персоналының біліктілігін тұрақты негізде арттыру көзделіп отыр. Нормативтік-құқықтық базаға өзгерістер енгізу жол картасының шеңберінде жүргізіледі.
Жол картасы іс-шараларын іске асыру тестілеуге кең қолжетімділікті және Қазақстан Республикасының азаматтарын еммен қамтамасыз етуге, АИТВ инфекциясының таралуын тұрақты (0,3) ұстап тұруға мүмкіндік береді және 2026 жылға қарай Жаһандық стратегия мақсаттарына қол жеткізуге әкеледі.