Еңбекмині мен ХЕҰ өкілдері қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін халықаралық еңбек ұйымы бюросының (бұдан әрі – ХЕҰ) және лайықты еңбек мәселелері жөніндегі техникалық қолдау тобының өкілі Антонио Сантушпен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстандағы еңбекті қорғау мәселелерін талқылады.
Іс-шараға ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов және ХЕҰ-ның Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі Талғат Өміржанов қатысты.
Ақмәди Сарбасов қазіргі уақытта жұмыс берушілердің еңбекті қорғаудың мемлекеттік нормативтік талаптарын орындауын бақылау еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органдарға жүктелгенін, ал ХЕҰ №81, №129 конвенциясының талаптарына сәйкес мемлекеттік еңбек инспекциясы орталық биліктің бақылауында болуға тиіс екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта біз осы халықаралық стандартты іске асыруға және еңбек инспекцияларын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) құрылымына беруге мүмкіндік беретін заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді ол.
А. Сарбасов Еңбекмині алдына еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын едәуір қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін қойып отырғанын айтып өтті. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары іске асырылады.
Бұдан басқа Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Бұл тұжырымдама халықаралық стандарттарды орындауға және еңбек өмірінің сапасын арттыруға; деректер базасын интеграциялау есебінен ұйымдарда еңбекті қорғау саласындағы проактивті мемлекеттік бақылауды күшейтуге; жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыруға; алдын алу және оңалту міндеттерін белгілейтін өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру моделін енгізу шеңберінде жұмыс күшін үнемдеу жүйесін құруға бағытталған шаралар.
«Тұжырымдаманың жаңа бағыттары шеңберінде еңбекті қорғау, оның ішінде кәсіби тәуекелдер саласында басқарудың проактивті форматын енгізу жоспарлануда. Мұны Еңбекті қорғаудың цифрлық картасын – кәсіптік тәуекелдер бойынша кәсіпорындардың дербестендірілген базасын құру арқылы іске асыру ұсынылады. Халықаралық «еңбекті қорғау барометрлеріне» ұқсас, бұл онлайн құрал қауіпсіз жұмыстың барлық аспектілерінен хабардар болуға мүмкіндік береді. Тұжырымдаманы іске асыру өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге, елдің еңбек әлеуетін сақтай отырып, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп толықтырды сөзін бірінші вице-министр.
Өз кезегінде, Антонио Сантуш ЕХӘҚМ жүргізіп жатқан жұмыстың маңыздылығы мен нәтижелілігін атап өтті, сондай-ақ министрлік өкілдерімен ХЕҰ-ның Қазақстан ратификациялаған конвенцияларын ұстануды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.