Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.51 522.84 4.81

С. Жұманғарин ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша кездесу өткізді

16-06-2023, 11:00 Думан Кенжеғазыұлы

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев бастап келген Парламент Мәжілісі депутаттар тобымен кезекті бейресми кездесуде ауыл шаруашылығы саласының мәселелік сұрақтарын талқылады.

Талқылауға ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің вице-министрлері, Азық-түлік корпорациясының, Бәйтерек ҰБХ, Аграрлық несие корпорациясының басшылары, аграрлық мәселелер және заңнама және сот-құқықтық реформа комитеттерінің депутаттары қатысты.

Депутат Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылығы техникасының лизингтік бағдарламаларын қаржыландыру мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, қолданыстағы техника паркінің тозуы орташа есеппен 76%-ды құрайды, ал технологиялық жаңару деңгейі 2017 жылғы 2%-дан 2022 жылы 4,4%-ға дейін өсті. Ал талап етілетін жаңарту деңгейі кем дегенде 10%-ға жетуі керек. Жаңартудың қажетті деңгейіне қол жеткізуге кедергі келтіретін факторлардың қатарына нарықтық лизингтік бағдарламалар бойынша қымбат пайыздық мөлшерлемелер, қолжетімді қаржыландырудың болмауы, дизель отынының қымбаттауы және дәнді дақылдар бағасының төмендеуі жатады. Депутат 2200-ге жуық тракторлар мен комбайндардың жиынтығын жаңарту үшін төмен пайыздық мөлшерлемемен және алдын ала төлемсіз лизингтік бағдарламаға 100 млрд теңге бөлуді ұсынды.

Депутат Айдарбек Қожаназаров ауыл шаруашылығы саласына қалдық қағидат бойынша қаржыландырудың өткір проблемасын шешуге көмектесетін шаралар кешенін ұсынды.

«Біз Парламент қабырғасында талқылап жатқан бірінші құрал – өндірушіге әлі піспеген егінді сатуға мүмкіндік беретін аграрлық қолхаттарды, бағалы қағазды қолдану. Екінші құрал – Аграрлық несие корпорациясы арқылы АӨК секторына екінші деңгейдегі банктердің қарыздарына кепілдік беру, бұл секторға 4 трлн теңгеге дейін тартуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде өзін ақтап, көпшіліктің көңілінен шыққан үшінші құрал – форвардтық қаржыландыру бағыттарын кеңейту. Мысалы, болашақ өнім есебіне тек тұқымдар ғана емес, сонымен қатар пестицидтер, гербицидтер, ЖЖМ-ге тауарлық несие беру», — деді депутат.

Сондай-ақ Айдарбек Қожаназаров шикізат сатып алу және күнбағыс тұқымын өндірушілерді қолдау мәселесін көтерді. 

«Бізге қайта өңдеу маңызды және біз, әрине, Қазақстанның күнбағысы есебінен көрші елдердің қайта өңдеу өнеркәсібін дамытқымыз келмейді, бірақ қазір тұқым өндірушілер тиісті субсидияларды ала алмай, ал қайта өңдеушілер отандық аграршылардан емес, Ресейден арзан шикізат сатып алатын жағдай қалыптасты», — деді ол.

Ұсыныстар жиынға қатысушылар арасында қызу пікірталас тудырды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев күнбағыс өндірушілері өндірістік циклге сәйкес тиісті мемлекеттік қолдауды алуы үшін субсидиялау ережелеріне енгізілген өзгерістерді пысықтау үшін жұмыс тобын құруды ұсынды. Барлық басқа мәселелер бойынша Азық-түлік корпорациясымен дөңгелек үстел ұйымдастыру туралы шешім қабылданды, онда мемлекеттік компаниялар нарықта толыққанды қатысушы болуы туралы шешім қабылдау керек.

«Азық-түлік корпорациясы нарыққа шамадан тыс ықпал етпеу үшін күшті де белсенді, ал қажет кезде пассивті құрал болуы керек. Күнбағыс экспортына қатысты, әрбір мәселенің екі жағы бар, ал міндеттер жағдайында бұл өндіруші мен өңдеушінің мүдделері. Бірақ нарықты әртараптандыруға және қайта өңделген өнім өндірісін ұлғайтуға бағытталған мемлекеттік саясат та бар. Егер статистиканы алсақ, онда қайта өңдеу көлемінің айтарлықтай өскенін көреміз. Бұл біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың айқын белгісі. Ал экспорттық баж – бұл әділ құрал.  Барлық ұсыныстар мен пікірлер қарастырылып, талқыланатын болады», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив