Сенатта өткен Үкімет сағатында агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды
Сенатта «Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру және импортты алмастыру жағдайында ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу мәселелері» тақырыбына арналған үкімет сағаты болды.
ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінің алдына ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту және импортты алмастыру мәселесіне кезең-кезеңімен көшу жөнінде ауқымды міндеттер қойғанын атап өтті.
«Ішкі нарықты қамтуға да, экспортты арттыруға да отандық өндірушілердің шамасы жеткілікті. Ол үшін аграрлық сектордың алға жылжуына барынша жағдай жасауға міндеттіміз. Тер төгіп, жұртымызды ет, сүтпен қамтамасыз етіп жүрген фермерлер үшін мемлекеттік қолдаудың түрлері үнемі дамып отыруы керек. Бұл қадамдардың бәрін ауыл еңбеккерлерімен талқылап, солардың ұсыныс-пікірлерін ескерген дұрыс. Қайта өңдеу өндірісін дамытып, импортты өзіміздің өнімдермен ауыстырудың маңызы өте зор», - деді Палата Төрағасының орынбасары.
Үкімет сағаты барысында оң үрдістер мен мемлекеттік қолдау жөніндегі қабылданған шараларына қарамастан, жалпы өндіріс көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесі әлі де төмен болып отырғаны атап өтілді. Сенатор Закиржан Кузиев өз сөзінде қалыптасқан жағдайдың негізгі себептерінің бірі - ұсақ тауарлы өндіріс сипатын, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау мен ілгерілету жүйесінің кенже қалғанын, нарықта жалған арзан өнімнің болуы мен соның салдарынан отандық өндірушілер бәсекеде артта қалып келе жатқанын атап өтті.
«Біздің елімізде агроөнеркәсіптік кешендегі заманауи технология мен инновацияны игерумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жинақталған бірқатар жүйелі проблемаларды шешу қажет. Олардың ішінде: астықты қайта өңдеу, мақта шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдері саласында қайта өңдеуді дамыту керек. Қазақстанда бірқатар себептер бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен қозғалысын объективті есепке алу әлі жоқ екенін мойындау қажет. Осыған байланысты мемлекеттік органдар реттеушінің орнына ынталандырумен ықпал ету шараларын пайдалана отырып, ішкі нарықты азық-түлік тауарымен толтыру әдісін қайта қарауы қажет деп есептейміз. Сондай-ақ мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ісіне түрлі шектеулермен араласуды азайту қажет», - деп атап өтті сенатор.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет сағатына қатысушыларды агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін ұлғайту және импортты алмастыру тұрғысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы ахуал туралы хабардар етті.
Шара барысында шақырылған қонақтар, олардың ішінде мүдделі мемлекеттік органдардың, қауымдастықтар мен бизнес қоғамдастығының өкілдері баяндама жасады. Сондай-ақ құс шаруашылығының инвестициялық тартымдылығын арттыру шаралары, ет өңдеу және отандық астық өңдеуді дамыту мәселелері талқыланды.
Сенат депутаттары шара қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсынымдар әзірледі.