ҚТЖ желісі бойынша өткен бес айда 103 млн тоннадан астам жүк тасымалданған
2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында ҚТЖ желісі бойынша 103,6 млн тонна жүк тасымалданған. Теміржол көлігі арқылы жүктерді экспорттау өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2%-ға артып, 37 млн тоннаны құрады. Республика бойынша жүк тиеу 66,5 млн тоннаға жетті.
Тас көмір тиеу 44, 3 млн тоннаны құрады, соның ішінде елдің ішінде 31,1 млн тонна қатты отын тасымалданған.
Астық тасымалы өткен жылға қарағанда 24,5%-ға артып, 4,9 млн-нан астам тоннаны құрады. Елдің ішіндегі астық тиелімі 12,7%-ға, яғни 937 мың тоннаға дейін өсті. Экспорт 27,7%-ға, яғни 3,9 млн тоннаға көбейді.
Ұнтақталған ұн өнімдерін тиеу 12,8%-ға өсіп, 1,3 млн тоннаға жетті, соның ішінде еліміз бойынша 16,2%-ға, яғни 345 мың тоннаға дейін артты. Экспорт 11,6%-ға өсіп, яғни 978 мың тоннаға дейін жетті.
2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша мұнай жүктерінің тиелімі жөнінен 4,4%-ға дейін өсім бар, бұл көлем 7,8 млн тоннаға жетті, химиялық тыңайтқыштар 8,5%-ға артып, 1,8 млн тоннаға дейін тиелді, ал құрылыс жүктерінің өсімі 13%, яғни 5,8 млн тоннаға өскен.
Эксплуатациялық жүк айналымы 2023 жылдың бес айында 112,5 млрд т-км неттоны құрады, бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 9,6%-ға көп.