Мәулен Әшімбаев орнықты даму мақсаттарын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссияны басқарды
Сенат пен Мәжіліс депутаттары Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанның Орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның құрамын бекітті.
Оған сенаторлар қатарынан Мәулен Әшімбаев, Ольга Перепечина, Асқар Шәкіров, Сүйіндік Алдашев, Нұртөре Жүсіп, Әли Бектаев, Нұрлан Бекназаров, Сергей Карплюк, Ақмарал Әлназарова кірді. Комиссия құрамындағы мәжілісшілер қатарында Альберт Рау, Нұртай Сабильянов, Аян Зейнуллин, Павел Казанцев, Асхат Рақымжанов, Асқар Садықов, Ерлан Стамбеков, Гаухар Танашева және Динара Шүкіжановалар бар.
Естеріңізге сала кетейік, парламенттік комиссия құру туралы мәселе бұрын Сенат отырысында талқыланған болатын. Отырыс барысында оның Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес құрылатыны атап өтілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Парламентте Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізетін парламенттік комиссия құру жұмыстары қолға алынды. Бұл комиссияның негізгі мақсаты – Президентіміздің реформалары аясында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді тиімді іске асыруға жәрдемдесу. Оның жұмысына Үкімет мүшелері, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың өкілдері және сарапшылар мен ғалымдар қатысып отырады», - деді Сенат Спикері 8 маусымда өткен Палата отырысында.
Суретті түсірген: Б. Серікбай