Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Қарағанды облысында «Айбын» жастар жиыны жалғасуда

22-06-2023, 12:18 Думан Кенжеғазыұлы

«Айбын» IX халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушылар әскерилендірілген эстафета барысында жеңіске деген тамаша ұмтылысы мен командалық рухын көрсете білді.

Салауатты бәсекелестік пен спортқа деген құмарлық жағдайында өтетін жарыстың бұл түріне көпшіліктің құлшынысы бөлек.

Эстафета шарттары бойынша әр қатысушы өз кезеңінде 25 метрді әр түрлі жолмен жүріп өтіп, белгілі бір стандарттарды орындауы керек. Бірінші кезеңде автоматты бөлшектеп-құрастыру, екіншісінде – газтұмша мен жабдықты кию, үшіншісінде – жалпыәскери қорғаныс жиынтығын кию, төртіншісінде – сым қоршаудың астынан еңбектеп өту, бесіншісінде – садақ тарту жүзеге асады.

Әскерилендірілген эстафета қорытындысы бойынша оқу орындары арасында 4 минут 34 секунд уақытпен Астана қаласы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Қорғаныс министрлігі әскери колледжінің командасы жеңіске жетті.

Әскери-патриоттық клубтар арасында 4 минут 57 секундтық көрсеткішпен Қызылорда облысының «Сыр айбыны» командасы бірінші орын алды.

Төтенше жағдайлар министрлігі «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының өкілдері де жеңімпаздар қатарынан көрінді. Олар Қарулы күштер, басқа әскерлер мен әскери құралымдар арасында 5 минуттық нәтиже көрсетті.

– Әскерилендірілген эстафета – бұл ең алдымен қарқынды жаттығулар мен жоғары командалық рух. Жыл сайын байқауға қатысушылардың көрсеткіштері жақсарып келеді. Бұл жолы да балалар әскери-қолданбалы спорт түрлерінде үздік нәтижелер көрсетті, – деп атап өтті жарыстың бас төрешісі, Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының бастығы подполковник Арман Әбеуов.

Эстафетадан бөлек, ұлдар білтемірге тартылу, ал қыздар шалқалай жатып денені көтеруден сайысқа түсті.

Өңірлік командалар арасында білтемірге тартылудан жеке есепте Шымкент қаласы «Арыстан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Ерқанат Шархан 51 рет тартылып, жеңіске жетті.

Білтемірге 47 рет тартылған Талдықорған қаласы «Жас десантшылар» командасының мүшесі Нұрбол Ғымыңгелдіұлы Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар әскери-патриоттық клубтары арасында бірінші орынды иеленді.

Әскери оқу орындары арасында Шымкент қаласы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушісі Арман Теңізбай арасында 39 тартылып, үздік атанды.

Қыздар арасында Түркістан облысы «Арыс» әскери-патриоттық клубының мүшесі Айдана Атажан мен Әуе қорғанысы күштері «Семсер» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Даяна Бейсенбетова үздік атанды. Қыздар шалқалай жатып денені көтеруді 79 және 73 рет орындады.

Жарыстар жалғасуда. Бүгін «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойындары өтеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив