Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Футбол федерациясы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды
Еліміздің Қорғаныс ведомствосы мен Қазақстан Футбол федерациясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы полковник Ербол Құмарбекұлы мен ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов қол қойды.
Ынтымақтастықтың мақсаты футболды танымал етіп, салауатты өмір салтын насихаттау мәселелерінде Қорғаныс министрлігі мен ҚФФ күш-жігерін біріктіру болып табылады.
Меморандум аясында футбол академияларын, сондай-ақ әуесқой және кәсіби футбол клубтарын құру көзделген. Сонымен бірге Қорғаныс министрлігіне тиесілі нысандардағы футбол алаңдарын жаңарту және оларды футбол бірлестіктерін дамыту мен бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін пайдалану маңызды аспект болып отыр.
«Құжатқа қол қою Қарулы күштерде және қазақстандықтар арасында футболды насихаттауға арналған жұмыстарды бірлесе жүргізуге негіз болады. Бұл бағыттағы ынтымақтастық өз кезегінде спорттық іс-шаралардың деңгейін көтереді. Ал бірлескен күш-жігер дарынды футболшылардың жаңа есімдерін ашуға көмектеседі», – деп атап өтті полковник Ербол Құмарбекұлы.
Сонымен қатар тараптар бұқаралық футболды дамытуға бағытталған бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Меморандум спортқа адамдарды көбірек тарту үшін қолайлы жағдай жасауға барынша мүмкіндік береді.
«Қорғаныс министрлігімен ынтымақтастықтың маңызды бағыты Қарулы күштерде футболды танымал ету, сондай-ақ елімізде футбол инфрақұрылымын дамыту болмақ. Бірлескен жұмыстар спорт нысандарын жаңғырту мен салуға, сондай-ақ футболдан бұқаралық жарыстар ұйымдастыруға бағытталатын болады», – деді Әділет Барменқұлов.