Cемей-15°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.51 522.84 4.81

Мәулен Әшімбаев «Елорда мақтанышы» жалпықалалық түлектер кешіне қатысты

23-06-2023, 10:58 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Астанада өткен «Елорда мақтанышы» атты жалпықалалық түлектер кешіне қатысты. Іс-шара барысында Палата Спикері ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың түлектерге арналған құттықтауын оқып берді.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы елімізді дамытуға арналған бастамалар, бірінші кезекте, өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқанын үнемі айтып жүретінін тілге тиек етті. Сондықтан жастарды қолдау мемлекет дамуындағы маңызды басымдықтардың бірі.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарды қолдау мәселесіне әрдайым баса мән беріп келеді. Соңғы жылдары университет гранттарының саны көбейді. Кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін жастарға да жол ашық. Ол үшін елімізде бизнестегі жастарды қолдауға арналған түрлі бағдарламалар бар. Мемлекеттік қызметке барамын дейтін жастарға да ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан алдағы уақытта осы мүмкіндіктерді барынша пайдалануға шақырамын. Мемлекетіміз, өз кезегінде, жастарды қолдауға арналған жан-жақты жұмысты одан әрі жалғастыра береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата Спикері қазіргі таңда түлектердің алдында маңызды таңдау тұрғанын атап өтті. Осындай жауапты сәтте дұрыс қадам жасау үшін жас буынға нақты өмірлік бағдар керек. Осы орайда Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтқан бастамасына назар аударды.

«Президентіміз жуырда ғана өткен Ұлттық құрылтайда «Адал азамат» тұжырымы туралы айтты. «Адал азамат» – ұлы Абай өсиет еткен осы «Толық адам» қағидасымен үндес ұғым. Шын мәнінде, ақылды, қайратты әрі адал адам ғана ел мүддесін бәрінен биік қояды, нағыз патриот болады. Сіздер сондай отаншыл, бар күш-жігерін туған елін өркендетуге жұмсайтын адал азамат боласыздар деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.

Айта кетейік, аталған кешке елордамыздағы 133 мектептен 9000 түлек қатысты. Сондай-ақ шақырылған меймандар мектеп бітірушілерді құттықтап, оларға ақ баталарын берді. Одан бөлек, отандық белгілі әншілер өнер көрсетті.

Суретті түсірген: Н. Байбуллин

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив