Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Өңірлерді дамыту – Сенат жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі

17-02-2023, 16:37 Думан Кенжеғазыұлы

Сенатта «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауболды.

Сенат Төрағасы өз сөзінде Палатанның күн тәртібіндегі өңірлердің дамуы мен мемлекеттік өңірлік саясаттың тиімділігі туралы парламенттік тыңдау ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Мәулен Әшімбаев бүгінде Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде өз жұмысын қайта айқындап жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатқан саяси ауқымды реформалардың заңды жалғасы екеніне назар аударды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірлік саясатты жетілдіру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Шын мәнінде, қуатты өңірлер – еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Мемлекет басшысы үнемі осы қағидаға баса мән беріп келеді. Сондықтан өңірлердің теңгерімді дамуына ықпал ету Сенаттың басым міндеттерінің бірі деп белгілеп отырмыз. Жалпы, соңғы уақытта Парламент аймақтардағы проблемаларды шешуге арналған ондаған заң қабылдады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы атап өткендей, өңірлердегі инфрақұрылымдық проблемалар – жылумен және электрмен жабдықтау, жолдардың, әлеуметтік инфрақұрылым жағдайының төмендігі, сондай-ақ халық табысы деңгейінің аздығы маңызды болып қала береді.

«Мемлекет басшысы «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы арқылы өндіріс қуатының тозуын азайту туралы нақты тапсырма берді. Бұл ретте өңірлердегі жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту жұмыстарын жандандыру аса маңызды. Олардың 50 пайыздан астамы әбден тозған. Кейбір аймақтарда бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін жеткен. 2023 жылғы бюджетті нақтылау аясында осы мақсатқа қаржы бөлу жоспарланып отыр. Азаматтардың әл-ауқатына тікелей қатысы бар осы мәселелерді дәйекті түрде шешу қажет. Сонымен бірге сапасыз нашар жолдар да өңірлерді дамытуды тежейтін факторлардың бірі екені анық. Сенаторлар бұл мәселені депутаттық сауалдарда жиі көтеріп келеді. Қазіргі уақытта республикалық жолдардың жартысының ғана жағдайы жақсы», – деп Мәулен Әшімбаев өңірлердің негізгі проблемаларына назар аударды.

Сенатор Серік Шайдаров жоғарыда аталған проблемалар сенаторлардың халықпен кездесулерінде және Парламент Сенатының «Өңір» депутаттық тобының отырыстары барысында жиі көтерілетінін айтты. Сенатордың айтуынша, қазіргі таңда «орталық» пен «аймақтар» арасында тиісті байланыс орнатылмаған.

«Басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді теңгерімді бөлу жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Жергілікті атқарушы органдар өңірлердегі проблемаларды шешу үшін жеткілікті өкілеттіктерге ие болуға тиіс. Ал өңіраралық мәселелер орталық деңгейде шешілуі керек. Проблемалардың ауқымдылығы мен өзектілігі өңірлердің одан әрі тиімді дамуын қамтамасыз етуге қауіп төндіретіні сөзсіз. Сондықтан өңірлік саясатты жетілдіру бойынша жедел және ұтымды шаралар қабылдаудың маңызы зор», – деп түйіндеді Серік Шайдаров.

Іс-шараны қорытындылаған Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтылған барлық ұсыныс парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша әзірленетін ұсынымдарға енгізіліп, Үкіметке жіберілетінін айтты. Сондай-ақ ол мәселелер Сенаттың алдағы жұмысында да ескеріледі.

«Айтылған басымдықтарды іске асыру үшін Сенат депутаттары Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Осы ретте өңірлерді дамыту Сенат жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін тағы да атап өткім келеді. Біз осы бағытты әрдайым назарда ұстаймыз. Бұл – халықтың да басты талабы. Қазір азаматтарымыз бізден нақты нәтижелер күтіп отыр. Бүгінгі Тыңдау өңірлерімізді дамыту және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолындағы бірлескен жұмысымыздың жаңа кезеңіне жол ашып берді деп ойлаймын», – деді Мәулен Әшімбаев.

Тыңдау барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері Ералы Тоғжанов, Нұржан Нұржігітов және Айдарбек Сапаров, Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскурякова, Жас сарапшылар клубының мүшелері сондай-ақ, тағы басқа азаматтар баяндама жасады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив