Қазақстандық ӘКК мен кәсіпкерлер Қызылорда жәрмеңкесінде 3 млрд теңгеге меморандум жасасты
Алғаш рет күріштің отаны Қызылорда облысында қатысушылар саны мен қойылған өнім көлемі бойынша ауқымды іс-шара өтті. Жәрмеңке жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы вице-министрлері, әкімдер орынбасарлары және барлық облыстағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар төрағалары, сондай-ақ Қазақстанның түкпір-түкпірінен 100-ден астам кәсіпкер қатысты. Жәрмеңкенің негізгі міндеті – қыста және маусымаралық кезеңде олардың бағасын тұрақтандыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына форвардтық мемлрандум жасасу.
«Өткен жылы Үкіметте бағаны тұрақтандыру тәсілдері қайта қаралды. Жаңа шаралардың мәні – фермерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын белгіленген бағамен сатып алу үшін қаржыландыруды алдын ала ұсыну. Бүгінгі таңда облыстарда осы мақсаттарға бюджеттен 118,1 млрд теңге көлемінде қаражат, оның ішінде 36 млрд теңге форвардтық сатып алуға қарастырылған, бұл тауар өндірушілермен келісім-шарт жасасуға мүмкіндік береді. Біз өндірушілерден өнімді тікелей сатып алу тәжірибесін жалғастыруға дайынбыз. Бүгінгі жәрмеңке бизнес пен ӘКК, өңірлер басшылығы арасында тиімді диалог орнатуға мүмкіндік беретініне сенімдімін, бұл сайып келгенде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың баға саясатына оң әсер етеді», — деді Серік Жұманғарин жәрмеңкенің ашылуында.
Жәрмеңкеде Қызылорда облысындағы 35 күріш өңдеуші шаруашылық пен 2 тұз өндіретін кәсіпорын өз өнімдерін нарық бағасынан 20%-ға төмен бағамен ұсынды. Сондай-ақ көрмеге Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар облыстарының кәсіпкерлері өздерінің тауарларын қойды. Жәрмеңке жұмысының қорытындысы бойынша Қызылорда облысының күріш өңдеу кәсіпорындары, ӘКК және басқа өңірлер кәсіпкерлері арасында шамамен 3 млрд теңгеге тікелей форвардтық меморандум жасалды. Бұл жалпы алғанда 7 600 тоннадан астам азық-түлік тауарларының жиынтығы. Атап айтқанда, тек Астана, Алматы қалалары және Алматы облысының ӘКК қызылордалық өндірушілерден әрқайсысы 1 000 тонна күріш сатып алды.
Сонымен қатар Серік Жұманғарин жылына 33 мың тоннадан астам өнім өндіретін «Магжан и К» ЖШС күріш өңдеу зауытына барды. Кәсіпорын заманауи жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған және бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Вице-премьер «Ассоль» зауытының ішкі нарыққа және ішінара экспортқа сатылатын йодталған ас және техникалық тұз өндіру жөніндегі қызметімен танысты. Сондай-ақ ол «Жан-Арай» агроөнеркәсіп кешенінің жаңа көкөніс қоймасын аралады. Қойма әрқайсысы 140 тонна көкөніс сақтай алатын 8 тоңазытқыш камерасынан тұрады, олардың әрқайсысының 8 тоңазытқыш агрегаты бар. Кәсіпорын басшысының айтуынша, көкөніс қоймасының жабдықтары азық-түлік өнімдерінің кең желісін сақтауға мүмкіндік береді.
Вице-премьер Қызылорда облысының бизнес өкілдерімен жеке кездесті. Кәсіпкерлер саланың өзекті мәселелерін, соның ішінде суару үшін сумен қамтамасыз ету және күріш өсірушілердің заманауи ауыл шаруашылығы техникасына қолжетімділігін кеңейту мәселелері туралы айтты. Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қолдау шаралары туралы, сондай-ақ оның көмегімен ауыл шаруашылығын дамытуға төмен пайызбен шағын несие алуға болатыны туралы хабардар етті.
«Елімізде ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан көптеген бағдарлама жүзеге асырылуда. Алайда су тапшылығы мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Су тапшылығы – біздің болашағымызға төніп тұрған үлкен қауіп. Біз су ресурстарын пайдаланудың жаңа тәсілдерін қарастыратын жұмыс тобын құратын боламыз. Тарифтік жүйені өзгерту керек, шаруалар су үнемдейтін технологияларға көшуі керек. Бізде басқа амал жоқ», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.