Еңбекмині азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу мәселелерін талқылады
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мүдделі мемлекеттік органдар және Дүниежүзілік банк өкілдерінің қатысуымен азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу мәселесі бойынша кеңес өткізді.
Кеңес барысында Қазақстандағы азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің қолданыстағы жүйесін талдау, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесінің халықаралық тәжірибесін (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының кемінде 5 елі) шолу нәтижелері қаралды.
Өз кезегінде Дүниежүзілік банктің сарапшылары халықаралық тәжірибені ескере отырып, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру бойынша нұсқаларды ұсынды.
Кеңес қорытындысы бойынша Тамара Дүйсенова мемлекеттік органдарға Дүниежүзілік банктің ұсынысын зерделеу бойынша бірлескен жұмыс жүргізуді және бірыңғай ұстанымды әзірлеуді тапсырды.
Естеріңізге сала кетсек, азаматтық қызметшілердің жалақы деңгейін арттыру мақсатында Үкімет мемлекеттік бюджеттің қаржылық-экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, дәйекті шаралар қабылдауда.
Мәселен, 2020 жылдан бастап педагогтердің, 2021 жылдан бастап медицина қызметкерлері мен әлеуметтік қамсыздандыру саласының қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру, 2022 жылдан бастап-лауазымдық жалақыға түзету коэффициенттерін қолдану арқылы азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарын арттыру басталды.
Бүгінгі таңда республикада жалдамалы қызметкерлердің саны 6,8 млн адамды құрайды, оның ішінде азаматтық қызметшілердің үлесі шамамен 1,2 млн адам немесе 18%.