Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.51 522.84 4.81

Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы әрі толық көлемде орындалып келеді — Әлихан Смайылов

29-06-2023, 14:29 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «AMANAT»  партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының республикалық форумында сөйлеген сөзінде азаматтардың табысын арттыру, мектептер, медициналық мекемелер, тұрғын үйлер салу және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту шаралары туралы айтты.

Үкімет басшысы биыл 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтау мен білім беруге, нақты сектор мен инфрақұрылымды дамытуға және басқа да бағыттарға қосымша 2,2 трлн теңге қаражат бөлінгенін атап өтті.

«Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалып келеді. Биыл 4,4 млн адамды көтерілген әлеуметтік төлемдермен қамтуға 4,6 трлн теңге бөлінді», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, халықтың табысын арттыру шаралары аясында 3 млн-нан астам адамның табысы өсті. Соның ішінде, 1,2 млн бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысы 30%-ға дейін ұлғайтылды. 1 млн-нан астам жұмысшылардың жалақысы 10-нан 50%-ға дейін көтерілді. Жәрдемақылар 900 мыңға жуық адамды қамти отырып, 23%-ға өсті. Студенттерге стипендия 20%-ға көтерілді. Бұдан басқа, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру шеңберінде жыл соңына дейін 1 млн-ға жуық адам жұмыспен қамтылады.

Ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қосымша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырылып келеді. Оның аясында 2026 жылға дейін 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу және 32 көпсалалы аудандық аурухананы модернизациялау жоспарланып отыр. Биыл осындай 309 нысан іске қосылады.

Сонымен қатар биыл Елордада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың емдеу-диагностикалық ғимараты ашылады, ал келесі жылы Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру және Алматыдағы Ұлттық инфекциялық аурулар ғылыми орталықтары беріледі.

Мектепке дейінгі білім беру саласына келер болсақ, биыл 80 мыңнан астам жаңа орын ашылады, соның нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100%-ды құрайды.

Орта білім беруді дамыту тұрғысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба шеңберінде 2026 жылға дейін 738 мың орындық 368 жаңа мектеп ашылады. Оның ішінде биыл 216 мектептің құрылысы басталып, сонымен бірге ұлттық жобадан тыс, басқа қаржыландыру көздері есебінен 143 мектеп ашылады.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 2029 жылға қарай барлық қаржыландыру көздері есебінен 111 млн шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде биыл – 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынады.

Инженерлік-коммуналдық желілерді жаңарту және апатты жағдайлардың санын азайту үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске асырылып келеді. Жыл соңына дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 234 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл қаражат 12,7 мың жабдықты және 5 800 км инфрақұрылым желілерді жөндеуге бағытталатын болады. Жалпы, алдағы 7 жылда коммуналдық-инженерлік инфрақұрылымның жаңғыртуына 3 трлн тенгеден астам инвестиция салынады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив