Президент Люксембургтің Сыртқы істер министрін қабылдады
Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Люксембург Ұлы Герцогтігінің Сыртқы және Еуропа істері жөніндегі министрі Жан Ассельборнды қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жан Ассельборнға ілтипат білдіре отырып, оның бұл сапары көптеген сала бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттельмен БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясы алаңында өткен келіссөздерін еске алды.
– Сол кезде Қазақстан мен Люксембург арасындағы өзара тиімді серіктестікті дамытудың ұзақмерзімді перспективалары туралы өте табысты әрі мазмұнды әңгіме болды. Қазақстан Сіздің еліңізді және халқыңызды құрметтейді. Біз өзара ынтымақтастығымыздың болашағына сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында олар көлік және логистика, цифрландыру, «жасыл» энергетика салаларындағы, сондай-ақ Астана халықаралық қаржы орталығы аясындағы өзара іс-қимыл перспективаларын қарастырды.
Жан Ассельборн екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Бүгін таңертең біз өзара түсіністік туралы екі меморандумға қол қойдық. Қазіргі уақытта Cargolux Қазақстанға апта сайын 21 рейс жасайтынын білесіз. Сондай-ақ Люксембург мультимодальды хаб саналады. Осыған байланысты Астана әуежайы – біз үшін өте маңызды пункт. Люксембург компаниясы бірлескен осы ірі жобаны жүзеге асыра алатынына ризашылығымды білдіремін. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен өзара түсіністік туралы екінші меморандумға қол қойдық, – деді министр.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жан Ассельборн халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.