Навигациялық пломбаларға қойылатын талаптар және фармацевтикалық инспекцияларды қорғау
ЕЭК кеңесінің кезекті отырысында мүше елдер үшін бірқатар негізгі шешім қабылданды. Қазақстандық тарапты Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин басқарды.
ЕЭК кеңесінің мүшелері бірауыздан қабылдаған маңызды шешімдердің бірі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің аумақтары бойынша тауарларды тасымалдау үшін навигациялық пломбаларға қойылатын талаптар болды. Бұл талаптар техникалық элементтердің параметрлерін, навигациялық пломбаның негізгі функцияларын, негізгі техникалық және физикалық сипаттамаларын анықтайды. Сонымен қатар құжатқа навигациялық пломба ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында жасалуға тиіс деген талап енгізілген. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің аумақтарында пайдалануға рұқсат етілген навигациялық пломбаларды дайындауға қойылатын талаптардың номенклатурасын кеңейтудің арқасында бәсекеге қабілетті ішкі нарықты қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасалады.
3 сәуірде ЕАЭО-да жүктерді қадағалау үшін Навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім күшіне енді. Құжат халықаралық тасымалдардың ашықтығын қамтамасыз етуге және «жалған транзит» пен «жалған импортты» болдырмауға бағытталған, ЕАЭО кедендік аумағы арқылы тасымалданатын тауарларға қатысты мемлекеттік бақылау шараларын қолдануды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Келісімде екінші деңгейдегі бірқатар актіні қабылдау көзделген, олардың бірі – навигациялық пломбаларға қойылатын талаптар.
ЕЭК кеңесінде фармацевтика саласы бойынша бірден екі шешім қабылданды. Атап айтқанда, Кеңес инспекторлардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі мүмкін жағдайларда бұл процедураны қашықтан жүргізуге мүмкіндік беретін фармацевтикалық инспекцияларды жүргізу ережелеріне жаңа тәртіпті бекітті. Осылайша, қашықтан жұмыс істеу құралдары фармацевтикалық инспекцияларды жүргізуге және барып тексеру мүмкін емес дәрілік заттар нарығын қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Инспекцияларды жүргізу тәсілі туралы түпкілікті шешімді фармацевтикалық инспекторат қабылдайды.
Сондай-ақ биологиялық дәрілік заттарды зерттеу қағидалары қан плазмасынан алынған дәрілік препараттарға, емдік ақуыздарға негізделген биотехнологиялық дәрілік препараттарға және тұмау мен шешектің алдын алуға арналған вакциналарға қатысты, сондай-ақ прион инфекцияларының қоздырғыштарының осы дәрілік топтармен берілу қаупін төмендетуге қатысты жаңа тараулармен толықтырылды.
Тағы бір маңызды шешім алдағы 3 жылда криль етіне импорттық баж салығын нөлге түсіру болды. Криль еті консервілер мен спредтерді өндірудегі негізгі шикізат екенін ескере отырып, қабылданған шешім қазақстандық консервілерді өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасайды.