10 мыңнан аса колледж студенті кәсіпорындардың тапсырысы бойынша оқиды
Биылғы оқу жылынан бастап колледждерге кәсіпорын өтінімдері бойынша кадр даярлау енгізілді. Өзара ынтымақтастық еңбек нарығының сұранысына сай маман әзірлеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік тапсырыстың артықшылығы - колледж бітірген соң студент тапсырыс берушінің компаниясында жұмыс істейді. Ол үшін білім беру ұйымы, кәсіпорын және студент арасында үш жақты келісім-шарт жасалады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Ернат Жүнісовтің айтуынша: «Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы оқу жылынан бастап жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша оқытуды бастады. Колледждер еңбек нарығына қажет кадр дайындайды. Кәсіпорындарға өз базасында тәжірибеден өткізу, тағылымдамаларын ұйымдастырып, түлектерді жұмысқа қабылдау жүктеледі».
Айта кетейік, мақсатты тапсырыс колледждерге кадрлық сұранысқа сай білім беру бағдарламаларын жаңартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда кадр даярлауды «Сарыарқа автопром», «Kamaz» ЖШС, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Базис-Астана», «Аster Аuto Аstana» ЖШС және басқа да ірі кәсіпорындар қолдап отыр. Мақсатты тапсырыс бойынша 10 мыңнан астам студент оқитын болады.