ҚР ҰЭМ басшысы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы туралы айтып берді
ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының қазіргі жағдайын жаңарту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде жалақысы жылдар бойы көтерілмеген білікті мамандардың саладан кету мәселесіне назар аударды.
«Осы мәселелерді шешу үшін Министрлік «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын іске асыруда. Соған сәйкес, 62 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғырту үшін 2023-2029 жылдарға шамамен 3 трлн. теңге тарту көзделіп отыр. Бұл 2029 жылға қарай желілердің тозуын 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Әлібек Қуантыров.
2023 жылдың екінші тоқсанында Министрлік 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгерту бойынша 212 өтінімді мақұлдады. Нәтижесінде, тұтынушылар мен кәсіпорындардың мүдделерін ескере отырып, коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі орташа есеппен 10%-30% құрады.
«Осылайша, орта есеппен екі бөлмелі пәтердің (60 шаршы метр) барлық коммуналдық қызметтері үшін келіп түсетін соманың ұлғайуы шамамен 3-4 мың теңгені құрайды», - деп атап өтті министр.
2023 жылы ТКШ-ның 5,8 мың шақырым инженерлік желілерін жөндеу үшін шамамен 250 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарлануда, оның ішінде:
жылумен жабдықтау – 112 млрд. теңге,
электрмен жабдықтау – 92 млрд. теңге,
сумен жабдықтау – 29,5 млрд. теңге,
су бұру – 15,3 млрд. теңге.
ТКШ саласының 200 мыңға жуық қызметкерінің орташа табысын 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Сондай-ақ, 25 мың шақырымнан астам иесіз қалған инженерлік желілерді сенімгерлік басқаруға және коммуналдық меншікке беру көзделуде.
Коммуналдық қызметтерге тарифтерді бекіту міндетті түрде тұтынушылардың қатысуымен өтеді. Барлық іс-шаралар бұқаралық ақпараттар қызметі көздерінде жарияланады. Сондай-ақ, табиғи монополиялар саласын реттеудің әрбір кезеңі «Монополист» электрондық деректер базасында цифрландырылды.
«Тұтынушылардың қаражатын мақсатты түрде пайдаланылуын бақылау қоғам мен техникалық мамандардың қатысуымен қамтамасыз етіледі. Тұтынушының құқығы бұзылған жағдайда, оған уақытша өтемдік тарифтер енгізіліп, табиғи монополиялар субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Коммуналдық төлемдер негізсіз көтерілген жағдайда, келесі шоттарда қайта есептеу арқылы қаражат тұтынушыларға қайтарылады», - деп түйіндеді ҰЭМ басшысы.