20 шілдеде тамыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау басталады
Өтінімдер қабылдау 30 шілдеге дейін жалғасады. ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында app.testcenter.kz жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10 тамызда басталады.
Тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, жоо-ға ақылы негізде түсу мүмкіндігі болуы үшін өткізіледі. Тіркелу кезінде тестіленушілер емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
Негізгі ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын тамыз тестілеуінде өзгерте алатындығын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар жоо-да ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды жоо-лардың қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
Барлық бес ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балл жинай алмаған талапкерлерге жоо-ға шартты түрде ақылы негізде оқуға түсу мүмкіндігі беріледі. Ары қарай олар 2024 жылы қаңтар, наурыз, негізгі және тамыз ҰБТ-сына қатысып, жоо-да оқуын жалғастыру үшін қажетті шекті балын жинай алады.